Референдум-2026

«Астанада тек шаршы метрді емес, өмір сүру сапасын ойлауымыз керек» – Шалқарбек Тәліпов

Бүгін, 10:01
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Астанада тек шаршы метрді емес, өмір сүру сапасын ойлауымыз керек» – Шалқарбек Тәліпов
Фото: Шалқарбек Тәліповтің жеке мұрағаты

Тамыз айының екінші жексенбісінде елімізде Құрылысшылар күні атап өтіледі. Осыған орай Астананың құрылыс саласының дамуы, қала инфрақұрылымына түсетін жүктеме, урбанистика, жасыл аймақтарды сақтау және елорданың алдағы он жылдағы сәулеттік келбеті туралы қазақстандық кәсіпкер, инвестициялық-құрылыс корпорациясының негізін қалаушы Шалқарбек Тәліповпен Elordainfo.kz тілшісі сұхбаттасты.

– Шалқарбек Нұрылдаұлы, Астана халқы жыл сайын көбейіп келеді. Қаланың құрылыс қарқыны осы өсімге ілесе алып жатыр ма?

– Иә, қазір Астанада халық санының өсуіне әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншіден, қалаға басқа өңірлерден адамдар көшіп келеді. Екіншіден, елордада табиғи өсім де бар. Ресми статистикаға сүйенсек, жыл сайын қала халқы шамамен 100 мың адамға көбейіп келеді. Енді осы өсімге құрылыс саласы ілесе алып жатыр ма деген мәселеге келсек, қазіргі қарқын жаман емес. Есеп бойынша, бір адамға орта есеппен 26 шаршы метр тұрғын үй қажет деп қарастырылады. Егер жыл сайын 100 мың адам қосылса, онда шамамен 2,6 млн шаршы метр тұрғын үй қажет болады. Ал қазіргі таңда құрылысшылардың барлығы қосылып, жылына шамамен 3,5 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беріп жатыр. Яғни тұрғын үй құрылысы бойынша сұранысты әзірге қамтамасыз етіп отырмыз. Алайда мәселе тек тұрғын үй салумен шектелмейді. Біздің ойымызша, қазір негізгі қиындық – инфрақұрылымға байланысты. Кәріз, су, электр желілері, жылу жүйесі, сондай-ақ мектептер, балабақшалар мен емханалар сияқты әлеуметтік нысандардың құрылысы тұрғын үй қарқынына ілесе беруі керек. Сондықтан қарапайым тұрғын үй құрылысын әзірге үлгеріп жатырмыз деуге болады. Ал инфрақұрылым мәселесіне көбірек көңіл бөлу қажет.

– Астанада көлік кептелісі мен инженерлік желілерге түсетін жүктеме артып келеді. Құрылыс саласы бұл мәселелерді қалай ескеруі тиіс?

– Бұл жерде әлемдегі ірі қалалардың тәжірибесіне қарау керек. Мегаполистердің қалай дамығанын зерттесек, белгілі бір кезеңде олардың тұрғындарының өмір салты мен көзқарасы да өзгергенін көреміз. Астанада да урбанистикалық мәдениетті қалыптастыруға көңіл бөлуіміз керек. Экологияны, табиғатты сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын күшейткен жөн. Мысалы, адамдардың жеке көліктен велосипедке, қоғамдық көлікке көбірек ауысқаны дұрыс. Өйткені жолды сала берген сайын көлік саны да көбейе береді. Бұл экологиялық мәселелерді ушықтыруы мүмкін.

Жолдардың сапасына да назар аудару керек. Кей жерлерде жолдардың бұзылуына ауыр жүк көліктерінің қала ішінде жүруі әсер етеді. Сондықтан олардың қозғалысына белгілі бір шектеулер енгізу мәселесін қарастыруға болады. Кейбір шетелдік мегаполистерде қаланың орталығына жүк көліктері түгіл жеңіл көліктердің кіруіне де шектеу қойылған. Онда көліктердің нөміріне немесе белгілі бір күндерге қарай реттелетін жүйелер бар. Біз де уақыт өте келе осындай шешімдерге келуіміз мүмкін.

Ал құрылыс саласына келсек, біз нысандарды бекітілген жобаларға сәйкес саламыз. Қаланың жалпы көлік жүйесі мен инфрақұрылымдық жүктемесін есептеу – Бас жоспар деңгейінде шешілетін мәселе. Сондықтан жаңа аудандарды жоспарлау кезінде көлік, инженерлік желілер және әлеуметтік инфрақұрылымның барлығы кешенді түрде есептеледі.

– Астананың ауа райы өте қатал. Бұл тұрғын үйлерді жобалау мен салуға қандай ерекше талаптар қояды?

– Астананың климаты күрт континенттік. Жазда ауа райы ыстық болса, қыста қатты аяз болады. Температураның осындай күрт өзгеруі құрылыс технологиясына тікелей әсер етеді. Сондықтан құрылыс жұмыстары қаншалықты жылдам жүргізілгенімен, технологиялық талаптарды сақтау қажет. Мысалы, жаз мезгілінде бетонға ерекше күтім қажет. Оның температурасы мен ылғалдылығын бақылау керек, әйтпесе бетон жарылып кетуі мүмкін. Қыста да жағдай күрделі. Бетонның қатып қалмауы үшін арнайы технологиялар қолданылады, оны жылыту қажет. Бұл, әрине, қосымша энергия шығынына әкеліп, құрылыстың өзіндік құнын арттырады. Сондықтан Астанада құрылыс жүргізу үшін ауа райын, технологиялық талаптарды және қауіпсіздікті қатар ескеру керек. Қатты аяз кезінде техникалық қадағалау қызметтері де құрылыс жұмыстарына шектеу қояды. Бұл – елорда құрылысшылары үнемі ескеретін фактор.

– Қаланың сол және оң жағалауының даму қарқынын қалай бағалайсыз? Екі бөліктің бірдей дамуы үшін не маңызды?

– Сол және оң жағалаудың даму ерекшелігі әртүрлі. Оң жағалау – қаланың ескі бөлігі. Мұнда бұрыннан қалыптасқан инженерлік инфрақұрылым бар. Кәріз, су жүйелері және басқа да коммуникациялардың бір бөлігі кеңес дәуірінен бері пайдаланылып келеді. Сондықтан олардың тозу деңгейі де жоғары. Ескі инфрақұрылымды жаңарту, яғни реновациялау немесе реконструкциялау үлкен қаражатты талап етеді. Кей жағдайда ескі нысанды бұзып, орнына жаңасын салуға тура келеді. Сонымен қатар барлық инженерлік есептерді қайта қарау қажет.

Ал сол жағалауда жаңа аудандар салынып жатқандықтан, инфрақұрылымды бірден заманауи талаптарға сай жоспарлауға мүмкіндік бар. Сондықтан екі жағалаудың даму қарқынының бірдей болуы қиын. Ескі аудандарды жаңарту жаңа аудан салғаннан әлдеқайда күрделі әрі қымбат процесс.

– Бүгінгі Астанада жайлы өмір сүру үшін құрылыс компаниялары ең алдымен неге мән беруі керек: шаршы метрге ме, әлде өмір сүру сапасына ма?

– Меніңше, ең алдымен урбанистикаға үлкен көңіл бөлуіміз керек. Өйткені тек шаршы метрді көбейте беру жеткіліксіз. Егер қалада адамдарға жайлы орта қалыптастырмасақ, кейін оны түзету қиын болады. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер, демалыс орындары, көлік инфрақұрылымы – мұның барлығы қаланың жайлылығына әсер етеді. Көлік айрықтары мен жолдардың орналасуы да урбанистикамен байланысты. Сондықтан құрылысшылар тек тұрғын үйдің көлеміне емес, адамның сол жерде қалай өмір сүретініне назар аударуы керек. Біз тек шаршы метр сала бермей, тұрғындардың өмір сүру сапасын да ойлауымыз қажет.

– Астанада жасыл аймақтарды сақтай отырып құрылыс жүргізу қаншалықты мүмкін?

– Бұл бағытта түрлі бағдарлама бар. Жобалау кезінде жасыл аймақтарды сақтау мәселесі ескеріледі. Кей жағдайда құрылыс аумағында ағаштарды алып тастауға тура келуі мүмкін. Бірақ мұндай кезде олардың орнын толтыру, басқа аумақтарға жаңа ағаштар отырғызу бойынша талаптар қарастырылады. Мысалы, бір ағаштың орнына бірнеше ағаш отырғызу тәжірибесі бар. Жалпы жасыл желек мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Өйткені үлкен қалада экологиялық тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Астана жыл сайын өсіп келе жатқандықтан, жасыл аймақтарды көбейту мәселесі де қатар жүруі тиіс.

– Алдағы 10 жылда Астананың сәулеттік келбеті қандай бағытта өзгеруі керек деп есептейсіз?

– Астана – елорда. Сондықтан оның сәулеттік келбетіне ерекше мән беруіміз керек. Қазір қалада жайлы санаттағы тұрғын үйлердің құрылысы көптеп жүріп жатыр. Болашақта құрылыстың бағытын реттеу қажет деп ойлаймын. Сондай-ақ жер үйлердің қала аумағында шамадан тыс көбеюіне жол бермеу керек. Себебі Астанада тұрғысы келетін адамдардың саны артып келеді, ал жер мен инженерлік инфрақұрылымға түсетін жүктеме де көбейіп жатыр. Бұл мәселелердің барлығы Бас жоспар жасау кезінде жан-жақты есептеледі. Көлік, инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар және халық санының өсімі – бәрі бір-бірімен байланысты.

Бас жоспар биыл қорғалып, қазір жаңа құжат негізінде жұмыс істеп жатырмыз. Құрылыс саласында жүргендердің барлығы осы жоспарға сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан алдағы уақытта елорданың құрылыс бағытының қалай өзгеретінін уақыт көрсетеді. Қазір нақты болжам айту қиын.

– Сұхбатыңызға рақмет, мерекеңіз құтты болсын.