Қасым-Жомарт Тоқаев Xinfa Group компаниясының президентін қабылдады
Мемлекет басшысы Xinfa Group компаниясының президенті Чжан Гуйчунды қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесуде Мемлекет басшысы еліміздің ұзақмерзімді ынтымақтастыққа, Қазақстанда заманауи технологияларды енгізуге және өндірісті дамытуға бейіл ірі инвесторлармен жұмыс істеуге қызығушылық танытатынын жеткізді.
Осы орайда, Президент металлургия және көмір химиясы салаларында толық өндірістік тізбекке ие Xinfa компаниясымен ықпалдастыққа әзір екенін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тәсіл елімізді индустриялық тұрғыдан дамыту басымдықтарына сай келетінін айтты.
Кездесуде Алматы облысындағы «Көлжат» кен орнын игеру перспективасы қарастырылды. Бұл жұмыс қазақ-қытай өндірістік кооперациясының жаңа кезеңге қадам басқанын көрсетеді.

Президент кен орнын кешенді игеруге назар аударды. Атап айтқанда, мұнда жартылай кокс, сутегі, синтез-газ, жоғары сапалы мұнай өнімдерін өндіру арқылы интеграцияланған өндіріс тізбегін құрған жөн. Аталған жоба арқылы 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашуға болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чжан Гуйчун аса маңызды материалдар саласында серіктестікті нығайту мәселесін талқылады.
Чжан Гуйчун Xinfa Group компаниясының әріптестікті кеңейту жоспарын таныстырып, бірлескен жобаларға қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Fufeng Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасын қабылдады.