Сарвиноз Миркадирова: Жазғы Азия ойындарының ашылуында ту ұстап шығатыныма алғашында сенбедім
Қазақстандық үстел теннисінің шебері Сарвиноз Миркадирова үшін биылғы Азия ойындары ерекше мәнге ие. Спортшы жарыстың ашылу салтанатында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовпен бірге Қазақстанның көк туын ұстап шығады. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі теннисшіден бұл жаңалықты қалай қабылдағанынын сұрап білді.
- Сарвиноз ханым, жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында сіздің Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовпен бірге туды ұстап шығатындығыңыз көпшілікті таңғалдырды. Сіз өзіңіз қалай қабылдадыңыз?
- Осы жайт бойынша бір ай бұрын білдім. Бапкерім келіп: «Сен білесің бе, бүгін саған жақсы жаңалығым бар», – деді. Мен: «Қандай жақсы жаңалық?» – деп сұрадым. Содан кейін ол: «Сен биылғы Азия ойындарында Қазақстанның туын көтересің», – деді. Басында сенбедім. Кейін бәрін көрсетіп, рас екенін айтты. Сол кезде қатты қуандым. Менүшін еліміздің туын ұстау - үлкен мәртебе. Өйткені Қазақстанның туын барлық адам көтере бермейді. Бұл - үлкен жауапкершілік әрі зор құрмет.
- Жазғы Азия ойындарына бұған дейін қатысып па едіңіз? Әдетте ту ұстап шығатындардың жарысы кейін болатын еді ғой. Сізге кедергі келтірмей ме?
- Иә, мен екінші мәрте Азия ойындарына барғалы жатырмын. 2023 жылы Ханчжоудағы бәсекеде жеке, жұптық және командалық сайыста өнер көрсеттік. Өкінішке қарай, плей-оффта жарыс жолын аяқтадық. Ту ұстау бойынша келетін болсақ, ашылу салтанаты 19 қыркүйекке жоспарланған. Ал біздің жарыс 21 қыркүйекте басталады.
- Енді өзіңіз жайлы айта кетсеңіз? Үстел теннисіне қалай келіп едіңіз?
- Мен 2005 жылы Шымкент қаласында дүниеге келдім. Әкем де үстел теннисінен бапкер болған. Бірінші сыныпта оқып жүрген кезімде үстел теннисімен алғаш танысып, бірден қызығушылық таныттым. Содан бері 15 жыл бойы осы спортпен кәсіби түрде айналысып келемін.
Бастапқыда ата-анам қарсы болды. Кейін спортпен айналысуыма рұқсат берді. Бір қарағанда, үстел теннисі оңай көрінуі мүмкін. Бірақ жасың өскен сайын жаңа буыннан мықты қарсыластар көбейеді. Сондықтан өз деңгейіңді үнемі көтеріп отыруың керек. Ең бастысы – шыдамдылық танытып, тұрақты түрде жаттығу.
- Үстел теннисінде сіз үшін кездесетін басты қиындық қандай?
- Физикалық тұрғыдан бірнеше сағат бойы жаттығуға болады. Ең қиыны – психологиялық жағы. Сол себепті арнайы медитациямен айналысамын. Бапкерім мен ата-анам да үнемі қолдау көрсетеді. Солардың арқасында кездескен қиындықты еңсеріп келемін.
- 15 жыл бойы үстел теннисімен айналысқаныңызды білдік. Осы уақытқа дейін ең қатты эмоция сыйлаған сәтті айта аласыз ба?
- Әр жарыстың өзіндік тарихы бар. Оның ішінде биыл 28 сәуір – 10 мамыр аралығында Лондонда өткен командалық әлем чемпионаты ерекше есте қалды. Себебі, біз бастапқы раундта Чехияны 3:2 есебімен жеңіп, әлемнің ең үздік 32 командасының қатарына кіре алдық. Дәл қазіргі сәтте осы көрсеткішіміз әйелдер арасындағы ең үздік көрсеткіш ретінде тіркелді.