Дәурен Кәкентай: Елімізде отбасыларды қаржылай қолдаудың әртүрлі тетіктері бар
13 қыркүйекте атап өтілетін Отбасы күні қарсаңында отбасының қоғамдағы орны, отбасылық құндылықтардың өзгеруі және қазіргі қоғамдағы отбасы институтының маңызы туралы социолог Дәурен Кәкентаймен сұхбаттастық. Әңгіме барысында отбасы құндылықтарына әсер ететін факторлар, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас, жастардың отбасын құруға көзқарасы және қоғамдағы отбасы институтының қазіргі сипаты сөз болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
– Ажырасу деңгейінің жоғары болуы отбасы институтының әлсіреуі ме, әлде қоғамдық өзгерістің көрінісі ме?
– Американдық социолог Толкотт Парсонстың құрылымдық-функционалдық теориясына сәйкес, отбасы - қоғамның негізгі әлеуметтік институттарының бірі және ол екі маңызды функцияны атқарады: баланың бастапқы әлеуметтенуі және ересек адамның тұлғалық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сондықтан отбасының тұрақтылығы тек жеке адамдардың ғана емес, тұтас қоғамның әлеуметтік тұрақтылығымен байланысты.
Дегенмен де, қазіргі қоғамдағы ажырасу деңгейінің өсуін бірден отбасы институтының әлсіреуі деп бағалау дұрыс емес. Меніңше, бұл - қоғамдағы өзгерістердің көрінісі.
Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылы елімізде 11,9 мың неке және 45,7 мың ажырасу тіркелген. Жалпы ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,24 болды. Демек, 100 некеге шамамен 39 ажырасудан келеді. Бірақ бұл «100 некенің 39-ы міндетті түрде ажырасады» дегенді білдірмейді. Бұл - бір жылдың ішінде тіркелген екі көрсеткіштің арақатынасы ғана.
Әлемдік үрдісті қарайтын болсақ, орташа ажырасу коэффициенті АҚШ-та 2,5, Түркияда 2,26, Испанияда 1,7, Жапонияда 1,5.
Бірақ та осыдан бірден «қазақ қоғамында отбасы институты құлдырап жатыр» деген қорытынды жасауға болмайды. Қоғам өзгерген сайын неке туралы түсінік те өзгереді. Бұрын неке ортақ шаруашылық, экономикалық қажеттілік ретінде қабылданса, бүгінде адамдар одан эмоционалдық жақындықты, өзара түсіністікті және жеке бақытты көбірек күтеді.
Мұны түсіндіретін теориялық негіздердің бірі - белгілі социолог Энтони Гидденстің «таза қатынас» (pure relationship) тұжырымдамасы. Оның пікірінше, қазіргі заманда жақын қарым-қатынас экономикалық немесе әлеуметтік міндеттіліктен гөрі екі адамның өзара эмоционалдық қанағаттануына көбірек сүйенеді.
Сондықтан мен бұл құбылысты әрі табиғи, әрі алаңдатарлық деп бағалар едім. Табиғи, себебі қоғам өзгерген сайын отбасы институты да өзгереді. Ал алаңдататыны - ажырасудың өзі ғана емес, оның себептері мен салдары.
Мәселен, жас отбасы баспана мен қаржылық тапшылықпен, бала тәрбиесімен немесе ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілікпен жалғыз қалса, отбасының тұрақтылығына қауіп артады. Мұндай жағдайда тек «отбасы құндылығын сақтаңдар!» деп айту жеткіліксіз.
Негізгі сұрақты «ажырасуды қалай азайтамыз?» деп қана қою дұрыс емес деп ойлаймын. «Отбасыларға қиындықтарды бірге еңсеруге қандай жағдай жасай аламыз?» деген сұрақ та қатар тұруы керек. Бұл жерде баспана, табыс тұрақтылығы, бала күтімі, психологиялық көмек, медиация сияқты нақты қолдау тетіктерінің маңызы зор.
Демек, мәселе ажырасудың өзінде ғана емес. Ең негізгісі - адамдардың отбасы құруға да, оны сақтауға да, ал қарым-қатынас бұзылған жағдайда оны өркениетті түрде шешуге де дайын болуы.
– Отбасы институтын нығайтуда мемлекеттің рөлі қандай болуы керек? Әлеуметтік қолдаудың қай түрлері тиімді?
– Мемлекеттің отбасы саясатындағы тәсілдерді шартты түрде екі бағытқа бөлуге болады.
Біріншісі - демографиялық реттеуге басымдық беретін саясат: ажырасуды заңмен қиындату, некеге тұруды әкімшілік немесе институционалдық жолмен ынталандыру секілді шаралар.
Екіншісі - құрылымдық қолдау саясаты: табыс, уақыт пен инфрақұрылым тапшылығын азайту арқылы адамдарға отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты шешімдерді еркін қабылдауға мүмкіндік беру.
Бірінші бағыт қысқа мерзімде кейбір статистикалық көрсеткіштерге оң әсер етуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде отбасы тұрақтылығын тек әкімшілік шаралар арқылы қамтамасыз ету қиын. Ал құрылымдық қолдау баяуырақ нәтиже бергенімен, тұрақтырақ әлеуметтік негіз қалыптастырады. Сол себепті мемлекеттің міндеті - адамдарды қалай болса да некеде «ұстап тұру» емес, отбасы құруға, бала тәрбиелеуге және ата-аналық міндеттерді орындауға қолайлы жағдай қалыптастыру болуы керек.
Осы бағытта әр елдің тәжірибесі де әртүрлі. Мәселен, Франция балалы отбасыларды салықтық жеңілдіктер арқылы қолдайды. Бұл модель ұзақ мерзімді әлеуметтік қолдаудың бір құралы ретінде қарастырылады.
Швеция, Норвегия және Дания ата-аналық демалыс пен қолжетімді бала күтімі инфрақұрылымына ерекше көңіл бөледі. Бұл елдерде ата-аналық демалыстың белгілі бір бөлігі әр ата-анаға жеке бекітіледі, яғни әкенің де бала күтіміне қатысуын ынталандыратын тетіктер бар. Бала күтімі қызметтерінің қолжетімділігі ата-аналарға еңбек пен отбасылық міндеттерді қатар алып жүруге мүмкіндік беретін әлеуметтік саясаттың маңызды бөлігі саналады.
Сингапурда бала туған отбасыларға тікелей қаржылай қолдау көрсетіледі, ал тұрғын үй саясаты да отбасы құруды ынталандыру тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады. Яғни бұл жерде қаржылай қолдау мен баспана мәселесі қатар қарастырылады.
Өзімізге келсек, бізде де отбасыларды қаржылай қолдаудың әртүрлі тетіктері бар. Бірақ мәселені тек төлем көлемімен шектеуге болмайды. Халықаралық тәжірибеге қарасақ, отбасы саясаты тек ақшаға емес, уақыт пен инфрақұрылымға да сүйенеді. Швецияда - ата-ананың уақыт ресурсына, Сингапурда - қаржылай қолдау мен тұрғын үй саясатының байланысына, Францияда - салықтық жүйе арқылы ұзақ мерзімді қолдауға басымдық беріледі.
Демек, бізге осы үш өлшемнің барлығын қатар қарастырған дұрыс. Себебі ата-анаға берілген ақшалай қолдау жеткіліксіз болуы мүмкін: егер балабақша орны жетіспесе немесе ата-ананың бірі, әсіресе әкесі, бала күтіміне уақыт бөле алмаса, отбасының нақты жағдайы түбегейлі өзгермейді. Сондықтан мәселе тек жәрдемақы мөлшерінде емес, отбасы саясатының құрылымында.
Баспана, балабақша, ата-аналық демалыс, отбасылық медиация мен психологиялық көмек сияқты бағыттар бір-бірінен бөлек емес, өзара байланысты жүйе ретінде қарастырылуы керек.
Сондықтан мемлекетке жәрдемақы мөлшерін жай ғана арттырумен шектелмей, саясат құрылымын әртараптандыру маңызды. Ақшалай қолдаумен қатар, ата-аналардың уақыт ресурсын арттыруға және бала күтімі инфрақұрылымын кеңейтуге басымдық берген жөн. Мемлекет отбасының ішкі өміріне тікелей араласудан бұрын, адамдардың отбасы құруына және оны сақтауға кедергі келтіретін осы құрылымдық мәселелерді азайтуға күш салуы керек.
– «Мықты отбасы – мықты қоғам» деген пікірмен келісесіз бе? Неліктен?
– Жалпы алғанда, келісемін. Отбасы - баланың алғашқы әлеуметтік ортасы. Бала қарым-қатынасты, жауапкершілікті, өзара сыйластықты, ең алдымен, отбасынан үйренеді. Сондықтан отбасындағы жағдай адамның кейінгі өміріне ықпал ететіні сөзсіз.
Бірақ «мықты отбасы» деген ұғымды тек дәстүрлі, толық отбасы формасымен шектеуге болмайды. Толық емес отбасы да балаға қауіпсіз әрі тұрақты қолдау көрсететін орта бере алады. Мұнда маңыздысы - отбасының сыртқы формасы емес, ішкі қарым-қатынастың сапасы.
Негізінде, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тұрақты қоғам отбасының нығаюына жағдай жасайды. Егер баспана, жұмыс, бала күтімі, денсаулық сақтау немесе қауіпсіздік мәселелері шешілмесе, барлық жауапкершілікті отбасының өзіне ғана арту әділетсіз. Сондықтан да мықты қоғам мықты отбасылардың қалыптасуына жағдай жасайды, ал мықты отбасылар, өз кезегінде, қоғамды нығайтады. Бұл - бір-біріне әсер ететін екіжақты процесс.
– Отбасы институтын сақтап қалу үшін бүгінгі қоғамға ең алдымен не қажет деп ойлайсыз?
– Мұнда бірнеше мәселені қатар қарау керек.
Біріншіден - экономикалық тұрақтылық. Өткен жылы еліміздегі модальдық жалақы (ең жиі кездесетін жалақы мөлшері) 116 мың теңгені құрады, ал медианалық жалақы 317 мың болды. Осы екі көрсеткіштің арасындағы алшақтық 2,7 есе. Яғни «орташа қазақстандық» дегенімізде медианаға жақын соманы елестетеміз. Алайда, азаматтарымыздың басым бөлігінің жалақысы әлдеқайда төмен. Мұндай табыс жеткіліксіз болса, отбасы құрып, пәтер жалдап, балаға қарап отыруға мүлдем жетпейтіні анық. Сондықтан отбасылық саясат тек құндылықтарды насихаттаумен шектелмеуі керек.
Екіншіден - отбасындағы жауапкершілікті әділ бөлу. Бала тәрбиесі мен үй шаруасы бір адамның, әсіресе әйелдің ғана міндеті ретінде қаралмауы керек. Мысалы, Швецияда ата-аналық демалыстың бір бөлігі (қазір 90 күнге дейін) әрбір ата-анаға жеке бекітіледі, яғни әкенің де күтімге қатысуы заң жүзінде ынталандырылады. Бұндай тетік ер адамдардың демалысқа шығу үлесін бірнеше есе арттырды. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне қолдау көрсетуі отбасындағы тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.
Үшінші маңызды бағыт - психологиялық және медиативтік көмектің қолжетімділігі. Көп жағдайда мәселе ажырасудың өзінде емес, оған дейінгі ұзаққа созылған жанжалда, түсініспеушілікте және коммуникацияның болмауында. Мысалы, Астанадағы Татуласу орталығының мәліметінше, соңғы жарты жылда сақталған неке саны 38%-ға өскен. Демек, жанжалдасқан жұптардың айтарлықтай бөлігі маман көмегімен ажырасуға дейін жетпей қалған. Бұл - дер кезінде көрсетілген психологиялық қолдаудың нақты нәтиже беретінін дәлелдейді.
Сондықтан да экономикалық тұрақтылық, жауапкершіліктің әділ бөлінуі және психологиялық қолдаудың қолжетімділігі - үшеуі бір-бірімен тығыз бағыттар. Дәстүр мен отбасы құндылықтарын насихаттау да, әрине, маңызды, бірақ құндылықтың әлеуметтік және экономикалық негізі болмаса, оның әсері шектеулі болады.
– Жастарға отбасы құндылығын насихаттауда қандай тәсілдер тиімді: дәстүр, білім беру, әлеуметтік саясат әлде жеке үлгі ме?
– Бұл мәселеде бір ғана тәсілге сүйену дұрыс емес. Дәстүр де, білім беру де, әлеуметтік саясат та, ең бастысы, адамның жеке үлгісі де өз орнында маңызды. Бір-бірінен бөлек қарасақ, олардың әсері шектеулі болады.
Ең алдымен - жеке үлгі. Балаға ата-анасы «бір-біріңді сыйлаңдар» деп айтқанынан гөрі, олардың күнделікті өмірде бір-бірімен қалай сөйлесетіні көбірек әсер етеді. Үйдегі адамдардың бір-бірін тыңдауы, қиын сәттерде сабыр сақтауы, мәселелерді ұрыс-керіспен емес, сөйлесу арқылы шешуі баланың отбасы туралы түсінігінің қалыптасуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан отбасы құндылығын насихаттау, ең алдымен, отбасының өзінен басталуы керек.
Екінші маңызды бағыт - білім беру ошақтары. Мектеп пен университетте отбасы туралы тек «отбасы – қоғамның негізі» деген жалпы түсінікпен шектелмеген дұрыс. Жастарға бір-бірімен дұрыс қарым-қатынас жасау, эмоциясын түсіну және басқару, келіспеушілікті ушықтырмай шешу, жауапкершілікті бөлісу сияқты нақты дағдылар қажет. Себебі отбасы құру тек сезімге байланысты шешім емес, белгілі бір дайындықты да талап ететін қадам.
Үшіншіден - әлеуметтік жағдай. Жастарға отбасы құрудың маңызын айтып қана қою жеткіліксіз. Егер жас адамның тұрақты жұмысы болмаса, баспана мәселесі шешілмесе немесе бала дүниеге келгеннен кейін оны балабақшаға орналастыру қиын болса, онда отбасы туралы шешім қабылдауға осы факторлардың барлығы әсер етеді. Сондықтан жастарды отбасы құруға ынталандырумен қатар, отбасы құруға мүмкіндік беретін жағдай да жасалуы керек.
Төртіншіден - дәстүрлі құндылықтар. Қазақ қоғамында отбасыға қатысты дәстүрлер көп, бірақ оларды дұрыс түсіндірместен, жай ғана «біздің дәстүріміз осындай» деп ұсынудың қазір пайдасы аз. Жастар нәрсенің мәнін өздігінен ұғынғанда ғана оны шын жүректен қабылдайды. Сол себепті дәстүрлі құндылықтардың бүгінгі өмірге қандай қатысы бар екенін ашып түсіндірген жөн. Сонда дәстүр ескі әдет емес, керісінше өмірге қажетті бағдар ретінде көрінеді.
Осы орайда айта кететін бір жайт бар: Социология мамандығында «Отбасы социологиясы» деген арнайы курс бар. Бұл пәнді жалпыуниверситеттік таңдау пәні ретінде кез келген мамандықтың студентіне ұсынуға болады. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Оңтүстік Корея, Сингапур секілді бірқатар елдерде Family studies бағыты жеке академиялық сала ретінде қалыптасқан. Бізде де отбасы мәселесін тек социологтар мен психологтардың зерттеу нысаны ретінде емес, әр студентке қажетті білім саласы ретінде қарастыруға болады. Себебі отбасы құру, ата-ана болу немесе соған қатысты маңызды шешім қабылдау ерте ме, кеш пе, әр адамның басынан өтетін мәселе. Сондықтан мұнда белгілі бір ғылыми түсініктің болғаны кез келгенге пайдалы. Ең бастысы, пән жастарға дайын шешім немесе «дұрыс отбасы қандай болуы керек» деген жалғыз үлгі ұсынбауы керек. Қайта, әртүрлі әлеуметтік құбылыстарды түсінуге және өз шешімін саналы түрде қабылдауға көмектесуі қажет, яғни пән нормативтік емес, талдамалы сипатта болғаны маңызды.
Меніңше, отбасы құндылығын насихаттаудың ең тиімді жолы — айтылған сөз бен қоғамдағы нақты жағдайдың арасында үлкен айырмашылық болмауы. Үйде жеке үлгі көрсетілсе, білім беру жүйесі қажетті дағдыларды қалыптастырса, мемлекет жас отбасыларға жағдай жасаса, ал дәстүр өзінің мәні арқылы түсіндірілсе, бұл бағыттағы жұмыс әлдеқайда нәтижелі болады.
Сондықтан отбасы институтының жағдайын тек ажырасу саны немесе неке статистикасы арқылы бағалау жеткіліксіз. Отбасының тұрақтылығына экономикалық жағдай, мәдени өзгерістер, ер мен әйелдің қоғамдағы рөлдері, ата-аналық жауапкершілік және әлеуметтік қолдау сияқты көптеген фактор әсер етеді. Сол себепті бұл мәселені жеке-жеке емес, экономика, білім, мәдениет және әлеуметтік саясат сияқты салаларды өзара байланыстыра отырып, кешенді түрде шешкен дұрыс.
– Сұхбатыңызға рахмет!