Елордада «Таза Қазақстан» бастамасына 1,4 млн-нан астам адам қатысты

Бүгін, 18:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада «Таза Қазақстан» бастамасына 1,4 млн-нан астам адам қатысты
Фото: Астана қаласы әкімдігі

​Бірнеше жылда елордада «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына 1,4 миллионнан астам адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

​Жұмыстың басты бөліктерінің бірі су нысандарын тазалау болды. Қалада Есіл өзені, Ақбұлақ және Сарыбұлақ, Нұра-Есіл каналы мен Кіші Талдықөлде жұмыс жүргізілді. Су қоймаларының экологиялық жағдайын қалпына келтіру және ұстап тұру үшін биомелиорациялық технологиялар қолданылды.

«Тек 2026 жылдың көктемінде елордада тұрғындарды санитарлық тазалау, аумақтарды көркейту және көгалдандыру мәселесінде біріктірген экологиялық айлық өтті. Оның аясында су нысандарының жағалауларын тазалау бойынша «Мөлдір бұлақ», қоғамдық кеңістіктерде тәртіп орнату бойынша «Таза қала», аулаларды көркейту бойынша «Таза аула» және қаланың жасыл қорын ұлғайту бойынша «Жасыл болашақ» тақырыптық апталықтары ұйымдастырылды», - делінген хабарламада.

​Жыл басынан бері экологиялық іс-шараларға 300 мыңнан астам тұрғын мен 9,8 мың кәсіпорын мен ұйым қатысты. Осы уақыт ішінде 6400-ге жуық аула аумағы тәртіпке келтіріліп, 1 мың тоннадан астам қалдық шығарылды, 732 300 жасыл желек отырғызылды.

Биыл елордада барлығы 400-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Оларға мектеп оқушылары мен студенттер, жастар, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және қаланың түрлі аудандарының тұрғындары қосылды.

​Экологиялық мәдениет нақты істер арқылы қалыптасады. Тұрғындар аулаларды бірге күтіп-баптағанда, жағалауларды тазалап, ағаш отырғызғанда, қалаға деген қамқорлық ортақ жауапкершілікке айналады.

«​Бұл жұмыс күзде де жалғасады. 12 қыркүйек пен 10 қазан аралығында Астанада күзгі экологиялық айлық өтіп жатыр, оның аясында санитарлық тазалау, аумақтарды көркейту және көгалдандыру бойынша іс-шаралар жоспарланған. 19 қыркүйекте ағаш отырғызу бойынша жалпықалалық экологиялық акция өтеді. ​Күзде 226 242 жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр», - деп хабарлады әкімдіктен.

​Тұрғындарды жұмылдырудың тағы бір жолы – Астанада 2024 жылдан бері жұмыс істейтін және күн сайын қала тұрғындарының өтініштерін қабылдап, өңдейтін @TazaQazBot Telegram-чат-боты. Бүгінгі таңда тұрғындардың 5490 өтініші орындалды.

​«Таза Қазақстан» адамдарды қаланы таза, жасыл әрі жайлы ету сияқты қарапайым жолда біріктіреді. Бұл ретте әрбір абаттандырылған аула, отырғызылған ағаш және тазартылған жағалау елорданың экологиялық мәдениетіне қосылған үлес болып саналады.

Еске салсақ, Астанада Сарыбұлақ өзенінің жағалауында экологиялық акция өтті.