Грузиядан Қазақстанға 4,5 млрд теңге залал келтірген күдікті экстрадицияланды

Бүгін, 10:37
Думан Аманжол Думан Аманжол
Грузиядан Қазақстанға 4,5 млрд теңге залал келтірген күдікті экстрадицияланды
Фото: Elordainfo.kz

Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны, сондай-ақ жалған медициналық бұйымдарды ірі мөлшерде өндіріп, өткізгені үшін қылмыстық жауапқа тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Тергеу барысында күдіктінің мемлекеттік медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтарды сатып алу жөніндегі тендерлерінде басымдылыққа ие болу мақсатында отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Атап айтқанда, ол нақты өндірісті ұйымдастырмай, медициналық техниканың Қазақстанда өндірілетіні туралы уәкілетті мемлекеттік органдарға жалған мәліметтер ұсынған.

Нәтижесінде шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Қылмыстарды жасаған соң күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, осыған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған.

«Биылғы жылдың наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Айта кетейік, жыл басынан бері Грузиядан 7 адам экстрадицияланды, олардың 5-і жымқыру үшін іздеуде болған.

Еске салсақ, 7 жылға куәлігінен айырылған жүргізуші мас күйінде тағы рөлге отырғаны үшін өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды.