Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу және осы бағытқа инвестиция тарту мәселелеріне ерекше назар аударды. Мемлекет басшысы су шығынын азайтып, ауызсуды өнеркәсіптік және техникалық мақсаттарда пайдалануды шектеу қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттер елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, экономиканың тұрақты дамуына да тікелей әсер етеді. Су ресурстарын басқару, су үнемдеу технологияларын енгізу және осы салаға инвестиция тартудың маңызы туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Замира Жолдасқызы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының айтуынша, су – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және қалалық инфрақұрылым үшін стратегиялық маңызы бар ресурс. Оны тиімді пайдалану тек қолжетімді су көлеміне емес, басқару сапасына, қолданылатын технологияларға және су үнемдеуге ынталандыратын экономикалық тетіктерге де байланысты.
Бұл мәселе әсіресе елдегі жалпы су тұтыну көлемінің шамамен 60 пайызы тиесілі агроөнеркәсіптік кешен үшін өзекті. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту заманауи суару жүйелерін енгізу, агротехнологияларды жетілдіру және су тұтынуды ұтымды жоспарлаумен қатар жүруі қажет.
Су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесі де байқалады. Заманауи суару жүйелері судың шығынын орта есеппен 20-30 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. 2026 жылғы қыркүйектегі жағдай бойынша мұндай жүйелер қолданылатын алқаптардың көлемі 702,3 мың гектарға жеткен. Бұл – 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсім. Көрсеткіш аграрлық сектордың өндірістің технологиялық әдістеріне біртіндеп көшіп жатқанын аңғартады.
Су саласын жаңғыртудың тағы бір маңызды шарты – инвестиция тарту. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың тоғыз айында су саласының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 192,6 млрд теңгені құраған.
Сонымен қатар 2026–2028 жылдары су үнемдеу технологияларына инвестициялық субсидия беруге 214,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл алдыңғы үш жылдық кезеңдегі көрсеткіштен төрт есеге жуық көп. Мемлекеттік қолдау аясында шаруалар заманауи суару жүйелерін сатып алу және орнату шығындарының 80 пайызына дейінгі бөлігін өтей алады.
Инвестиция көлемінің артуы отандық өндіріс пен технологиялық нарықтың дамуына да ықпал етеді. Соңғы екі жылда Қазақстанда заманауи ирригациялық жабдықтар шығаратын кәсіпорындар саны төрттен жетіге дейін өскен. Олардың жиынтық өндірістік қуаты жылына 3 390 жаңбырлатып суару машинасын құрайды.
Осылайша, су үнемдеу технологияларын дамыту тек аграрлық сектордың тиімділігін арттырып қана қоймай, отандық жабдық өндірісіне, инженерлік шешімдерге және білікті мамандарға деген сұранысты да қалыптастырады. Бұл өз кезегінде бизнес пен өнеркәсіп үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.
Замира Жолдасқызының пікірінше, ауызсуды мақсатсыз пайдалануды шектеу де су ресурстарын басқарудағы маңызды бағыттардың бірі. Президенттің ауызсуды, атап айтқанда, автокөлік жуу орындарында пайдалануға жол бермеу жөніндегі тапсырмасы осы мәселенің өзектілігін көрсетеді.
Ауызсуды тұтынушыға жеткізу үшін оны тазарту, сапасын бақылау және тасымалдау қажет. Мұның барлығы белгілі бір шығынды талап етеді. Сондықтан техникалық талаптар мүмкіндік беретін өнеркәсіптік және басқа да процестерде айналымды су жүйелері мен суды қайта пайдалану технологияларын дамыту маңызды.
Қазақстанда 2030 жылға қарай өнеркәсіпте суды қайта пайдалану үлесін 13 пайыздан 28 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл мақсатқа қол жеткізу суды тазарту және қайта пайдалану технологияларына инвестиция тартуға, сондай-ақ өндірістік үдерістерді жаңғыртуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге судың нақты құнын ескеру қағидаты тарифтік тетіктерді жетілдірумен ғана шектелмеуге тиіс. Ол су тұтынуды дәл есепке алу, инженерлік желілердегі шығынды азайту, цифрлық шешімдерді енгізу және ресурсты үнемдеуге экономикалық ынталандыру қалыптастыру сияқты шараларды қамтиды.
Осылайша, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі экологиялық міндет шеңберінен шығып, экономикалық қауіпсіздік пен технологиялық дамудың маңызды факторына айналып отыр. Заманауи суару жүйелерін енгізу, өндірісте суды қайта пайдалану және су саласына инвестиция тарту ресурстарды ұтымды басқаруға жол ашады. Бұл ретте негізгі міндет – су үнемдеу саясатын жүйелі жүзеге асырып, халық үшін ауызсудың қолжетімділігін сақтай отырып, экономиканың қажеттіліктерін қамтамасыз ету.