Әсел Әбен: Президент Жолдауы – Қазақстан экономикасын жаңғыртудың жаңа бағдары

Әсел Әбен: Президент Жолдауы – Қазақстан экономикасын жаңғыртудың жаңа бағдары
Фото: ҚСЗИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында саяси жаңғырудың маңызын және экономиканы жаңғыртудың нақты міндеттерін шешуге көшу қажеттігін атап өтті. Жаңа Конституцияның күшіне енуі мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге және жаңа институционалдық өзгерістерге жол ашты. Өзгерістердің экономикалық мәні – шешім қабылдау тиімділігін арттырып, елдің даму әлеуетін нақты нәтижеге бағыттау. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Әсел Әбен айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне экономикалық әлеуеті арта түскен жағдайда қадам басып отыр. Халықаралық валюта қорының соңғы бағалауы бойынша, 2026 жылы елдің номиналды жалпы ішкі өнімі 397,92 млрд доллар деңгейінде болжанған. Бұл көрсеткіш Қазақстанды әлем экономикалары арасында 47-орынға шығарады. Сонымен қатар ХВҚ-ның қазан айындағы болжамына сәйкес, Қазақстанның нақты ЖІӨ өсімі 4,4 пайызды, ал әлемдік экономиканың өсімі 3,1 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіштер ел экономикасының әлемдік орташа деңгейден жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын аңғартады. Алайда экономикалық ауқымның ұлғаюы мемлекеттік басқару сапасына, инфрақұрылымның дамуына және ресурстарды тиімді пайдалануға қойылатын талаптарды да күшейтеді.

Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканың тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызы бар бірнеше бағытты айқындады. Олардың қатарында инфрақұрылымды жаңғырту, энергетикалық қауіпсіздік, көлік-транзит әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және экономиканы цифрландыру бар. Аталған салалардағы жүйелі жұмыс экономикалық өсімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Бірінші кезекте, ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламаны жүзеге асыру маңызды. 2029 жылдың соңына дейін сұранысқа ие әлеуметтік, көлік және инженерлік нысандарды салуға Ұлттық қордан шамамен 6,5 трлн теңге бағыттау көзделген. Мұндай инвестициялар өңірлердегі инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, жеке кәсіпкерліктің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және экономикалық белсенділіктің артуына ықпал етеді.

Екінші маңызды бағыт – экономиканы тұрақты энергиямен қамтамасыз ету. Президент 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу және 2035 жылға дейінгі бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімді өзектендіру міндетін қойды.

Энергетикалық тұрақтылық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігіне, өңдеу саласының дамуына және цифрлық инфрақұрылымды кеңейтуге тікелей әсер етеді. Сондықтан энергетикалық теңгерімді қалыптастыру тек электр энергиясына деген сұранысты өтеу мәселесі емес, сонымен қатар елдің өнеркәсіптік және инвестициялық саясатының маңызды бөлігі саналады.

Үшінші бағыт – көлік-транзит жүйесін нығайту. Автомобиль жолдары мен көлік бағыттарының сапасын арттыру ішкі экономикалық байланыстарды дамытуға және Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Сенімді көлік қатынасы тасымалдау шығындарын азайтып, отандық өндірушілердің тұтынушыларға қолжетімділігін арттырады. Сонымен қатар өңірлік кәсіпорындардың жеткізу тізбектеріне қосылуына мүмкіндік береді.

Төртінші бағыт – инвестиция тартуды бірыңғай үйлестіру. Инвестиция тарту мәселесі де экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып отыр. Бұл бағыттағы жұмысты бірыңғай үйлестіру мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейтіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға бағытталған.

Инвестициялық жобаларды іске асыру барысында кездесетін бюрократиялық кедергілер мен рәсімдердің ұзақтығы жобаның мерзімі мен құнына тікелей әсер етеді. Сондықтан бірыңғай үйлестіру жүйесі жауапкершілікті нақты бөліп, келісім жасалған сәттен бастап кәсіпорын толық іске қосылғанға дейінгі үдерісті барынша болжамды етуге тиіс.

Бесінші бағыт – экономиканы цифрландыру. Экономиканы цифрландыру да өсім сапасын арттыратын маңызды тетік саналады. Цифрлық шешімдер мемлекеттік және бизнес үдерістерге жұмсалатын уақытты қысқартып, жоспарлау дәлдігін арттыруға әрі ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекеттік басқару жүйесінде бұл ашықтықты, есептілікті және көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етумен тығыз байланысты.

Сонымен қатар технологиялық жаңару білікті мамандарға деген сұранысты арттырады. Энергетикалық жобалар, заманауи логистика және цифрлық өндірістерді дамыту үшін инженерлер, техникалық мамандар мен басқарушы кадрлар қажет. Осы себепті адами капиталды дамыту жоғарыда аталған басымдықтардың барлығын өзара байланыстыратын негізгі факторлардың бірі болып саналады.

Осылайша, саяси жаңғыру мен экономикалық жаңғырту бір-бірін толықтыратын үдерістерге айналуы тиіс. Инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, инвестиция тарту және цифрландыру бағытындағы міндеттер жүйелі жүзеге асқан жағдайда елдің экономикалық әлеуетін нақты нәтижеге айналдыруға мүмкіндік туады. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалыптастырады.