Елордада жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Кезекті профилактикалық акция және дәріс Сейфуллин атындағы университеттің бірінші курс студенттері арасында өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Іс-шараға Астана қаласы полиция департаменті жанындағы есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің мүшелері Ернар Омаров пен Мирзада Сейтқали қатысты.
Кездесу барысында жастарға мотивациялық тұрғыдан қолдау көрсетуге ерекше назар аударылды. Психолог-маман жастардың мінез-құлқына әсер ететін психологиялық факторлар, саналы таңдау жасаудың маңызы және қоршаған ортаның теріс ықпалына қарсы тұра білу туралы түсіндірді. Ал спортшы өз тәжірибесімен бөлісіп, өмірлік мақсаттарға жетуде тәртіптің, табандылық пен салауатты өмір салтын ұстанудың маңызын атап өтті.
«Елорда полицейлері студенттерге есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты құқықтық жауапкершілік туралы жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ жастардың, соның ішінде интернет пен әлеуметтік желілер арқылы заңсыз әрекеттерге тартылу қаупіне назар аударып, оның салдары жөнінде ескертті. Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өзекті мәселелерді талқылап, шақырылған мамандардан нақты жауаптар алды», - делінген ақпаратта.
Алдағы уақытта мұндай профилактикалық жұмыстар «Астана – есірткісіз қала» кешенді жоспары аясында жалғасын таппақ.
Еске салсақ, ІІМ зорлық-зомбылық құрбандарына онлайн кеңес беретін акцияны іске қосады.