Ербол Мырзабосынов Азия ойындары алдында ұлттық құрама спортшыларымен кездесті
Туризм жəне спорт министрі Ербол Мырзабосынов XX жазғы Азия ойындары алдында Қазақстан аумағында қорытынды дайындық кезеңінен өтіп жатқан екі ұлттық құрама спортшыларымен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Ведомство басшысы спортшылар және жаттықтырушылармен әңгімелесіп, құрлықтың басты спорттық додасында сәтті өнер көрсетулеріне тілектестік білдірді. Жақын арада командалар Жапонияға аттанып, Қазақстан делегациясының негізгі бөлігіне қосылады.

Бүгінде Қазақстан делегациясының шамамен 80%-ы Жапонияда орналасқан. Биыл ұлттық құраманы даярлау жүйесіне жаңа тәсіл енгізілді. Қорытынды оқу-жаттығу жиындарының едәуір бөлігі тікелей Азия ойындары өтетін елде ұйымдастырылып отыр.
Бұл шешім спортшылардың жарыс басталғанға дейін алдын ала жергілікті жағдайға бейімделуі, уақыт белдеуіне, климаттық жағдайларға және жарыс ортасының ерекшеліктеріне үйренуі үшін қабылданды. Сонымен қатар Жапонияда спортшылардың дайындығы тексеріліп, жарыстар алдындағы жаттығу жүктемелеріне қажетті түзетулер енгізіледі.

«Азия ойындары – жылдың басты спорттық додаларының бірі және еліміз үшін маңызды жарыс. Команданың негізгі бөлігі қазірдің өзінде Жапонияда және қорытынды дайындық кезеңінен өтіп жатыр. Спортшылардың климатқа, уақыт белдеуіне алдын ала бейімделіп, өз жарыстарына оңтайлы дайындықпен келуі үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Әрқайсыңыздың арттарыңызда – жылдар бойғы қажырлы еңбек, жаттықтырушылардың еңбегі және миллиондаған қазақстандықтардың қолдауы бар. Сіздерге өз күштеріңізге сенімділік, сәттілік және жоғары нәтижелер тілеймін», – деді Ербол Мырзабосынов.

Кездесу барысында Ойындардың ашылу салтанатындағы спортшылар шеруінде Қазақстанның атынан шығатын спортшылар да таныстырылды. Олар – дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов және үстел теннисінен ұлттық құраманың спортшысы Сарвиноз Миркадирова.
Министр ұлттық құраманы сапалы даярлау үшін мемлекет тарапынан қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Қорытынды дайындық кезеңінде спортшылардың физикалық жағдайына, қалпына келуіне және жарыс күндеріне тікелей дайындығына ерекше назар аударылып отыр.

XX жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Жарысқа Азияның 45 елінен шамамен 15 мың спортшы қатысады деп күтілуде. Сайыс барысында 469 медальдар жиынтығы сарапқа салынады.
Еске салсақ, жеңіл атлетикадан Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімі белгілі болды.