Астанада қысқы жылыту маусымына қажетті жылу қуатының резерві дайын

Бүгін, 17:38
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада қысқы жылыту маусымына қажетті жылу қуатының резерві дайын
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласында қысқы жылыту маусымына қажетті жылу қуатының резерві дайын. Елордада қолданыстағы жылумен жабдықтау нысандарын қысқа дайындау жұмыстары аяқталып келеді. Сонымен қатар жылу көздерін жаңғырту және жаңа нысандар салу жобалары жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бүгінде елорданың орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне бес негізгі энергия көзі кіреді. Олар – ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3, «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциялары.Жылу қуатының резерві алдағы жылыту кезеңінде қаланың қажеттілігін қамтамасыз етуге және жүктеме артқан жағдайда қосымша қор қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Астана тұрғындарының өсуі мен қаланың қарқынды дамуын ескере отырып, жылу қуатын арттыру жұмысын жалғастырып жатыр.

Қазір ЖЭО-3-тің көмірмен жұмыс істейтін бөлігінің құрылысы, сондай-ақ ЖЭО-2 су жылыту қазандығын кеңейту және қайта жаңарту жұмысы жалғасып жатыр. Бұл жоба аясында №7 және №8 қазандықтар орнатылады.

Жаңа негізгі нысандардың бірі – қуаты сағатына 620 Гкал болатын «Телман» газ жылу станциясы. Оны биыл пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа жылу көзі жылу қуатының резервін одан әрі арттырып, елорданы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін күшейтеді.

Осылайша, Астанада қысқы жылыту маусымына қажетті жылу қуатының резерві дайын, алдағы кезеңге қосымша резервтер қалыптастыру жұмысын қатар жүргізіп жатыр. Бұл қолданыстағы тұрғын үй құрылыстарын, сондай-ақ елорданың даму қарқынына қарай жаңадан бой көтеріп жатқан аудандарды тұрақты әрі сенімді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.