Елордада «JANA MEN KUZ RUN» бұқаралық жүгірісі өтті

Елордада «JANA MEN KUZ RUN» бұқаралық жүгірісі өтті
Фото: Қанат Байұзақов

Бүгін, 12 қыркүйек күні «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында «JANA MEN KUZ RUN» бұқаралық жүгірісіне 2000-ға жуық адам қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Жарыс таңғы сағат 09:00-де Алматы ауданындағы Триатлон саябағында басталды.

Қатысушылар өздерінің физикалық дайындығына қарай 3, 5 және 10 шақырым қашықтықтарға тегін тіркеліп, жарысқа қатысты.

«Бүгінгі жүгірісті қала әкімдігі және JANA MEN жобасының авторы Айтым Жақыповпен бірлесіп ұйымдастырдық. Жүгірістен бөлек, JANA MEN командасы «Не лишние» фильмінің бір бөлігін түсірді. Осылайша, шараға қатысқан қала тұрғындарының барлығы айтулы жобаның бір бөлігіне айналды», – деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Қатысушыларға ыңғайлы болу және жүгіру кезінде бір-біріне кедергі келтірмеу үшін әр қашықтықтың старты 10 минуттық аралықпен ұйымдастырылды. Нәтижесінде ең қысқа 3 шақырым қашықтықта Мирхан Жәнібек мәре сызығын бірінші болып кесті.

«Үш жыл бұрын Қарағанды марафонында алғаш рет жүгіріп көрдім. Сол кездегі әсерім қатты ұнады. Содан бері жүгіру өмірімнің бір бөлігіне айналды. Әр адамның салауатты өмір салтын ұстануда өз мақсаты бар. Мен өзімнің физикалық дайындығымды қалыпты деңгейде ұстап тұруға тырысамын. Үйімнің жанындағы Ботаникалық бақта жүгіремін. Жалпы, Астанада жүгіруге арналған орындар көп. Соның бірі – жаңартылған Триатлон саябағы. Бүгін осы жерде 3 шақырымды еңсердім. Уақытқа қарамадым. Ең бастысы, бұқаралық жүгірістің атмосферасын сезініп, қалалық шараға қатысудың өзі жақсы көңіл-күй сыйлайды», - деді шараға қатысушылардың бірі Мирхан Жәнібек.

Бұқаралық жүгірісте мәре сызығын кескен барлық қатысушылар өзіндік ерекшелігі бар естелік медальға ие болды.

Шара соңында қатысушылар арасында лотерея ойнатылып, 10 велосипедтің иегерлері анықталды.