Отбасының қоғам үшін маңызы тек демографиялық көрсеткіштермен өлшенбеуі керек - Ақнұр Иманқұл
Қоғамдағы әлеуметтік және мәдени өзгерістерге қарамастан, отбасы институты өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Отбасылық қарым-қатынастардың мазмұны жаңарып, өзара құрмет, сенім, эмоционалдық жақындық пен ортақ жауапкершілік сияқты ұстанымдардың маңызы артып келеді. Қыркүйек айының екінші жексенбісінде аталып өтетін Отбасы күні қарсаңында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Отбасылық саясат бөлімінің басшысы Ақнұр Иманқұл қазіргі қазақстандық отбасының құндылықтары, жастардың отбасыға көзқарасы және берекелі шаңырақтың негізі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
– Қазақстандық қоғамдық даму институтының зерттеу деректері және Дүниежүзілік құндылықтар шолуы отбасының қазақстандықтар үшін өзінің жоғары маңызын сақтап отырғанын көрсетеді. Биыл «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасы аясында 3000 респондентті қамтыған әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесінде респонденттердің 81,7 пайызы отбасын өз өмірі үшін «өте маңызды», ал 16,4 пайызы «біршама маңызды» деп бағалаған. Осылайша, отбасын маңызды деп санайтындардың жиынтық үлесі 98,1 пайызды құрады.
Бұл көрсеткіш отбасының қазақстандықтардың өмірлік құндылықтар жүйесінде берік орнын сақтап отырғанын аңғартады. Сондықтан қазіргі Қазақстандағы отбасы институтын әлсіреп бара жатқан немесе дағдарыс кезеңіндегі институт ретінде емес, қоғамдағы әлеуметтік және мәдени өзгерістерге бейімделіп, өзінің мазмұны мен қарым-қатынас формаларын жаңартып отырған тұрақты әлеуметтік институт ретінде бағалаған дұрыс.
Отбасының құндылық ретіндегі маңызы жоғары деңгейде сақталғанымен, отбасы туралы түсініктің мазмұны біртіндеп өзгеріп келеді. Дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоғалтпайды, алайда олар өзара құрмет, серіктестік, эмоционалдық жақындық және ортақ жауапкершілік сияқты ұстанымдармен толықтырылып отыр.
Қазіргі Қазақстан отбасының негізгі құндылықтары ең алдымен қамқорлық, өзара құрмет, қолдау, сүйіспеншілік және түсіністікпен байланысты. ҚҚДИ зерттеуінде отбасы ұғымы қазақстандықтардың санасында көбіне махаббат және бақытпен – 44,9 пайыз, ұрпақ жалғастығымен – 41,7 пайыз және өмір мәнімен – 40,7 пайыз байланыстырылатыны анықталды.
Сонымен бірге жастар арасында отбасылық құндылықтарға қызығушылық төмендеп кетті деген пікірді зерттеу деректері растамайды. ҚҚДИ зерттеу нәтижелерін жас ерекшелігі бойынша талдағанда, 18–28 жастағы жастардың 97,5 пайызы отбасын өз өмірі үшін маңызды деп санайды. Яғни жастарды отбасылық құндылықтардан алыстап бара жатқан ұрпақ ретінде қарастыру дұрыс емес. Өзгеріп отырғаны – отбасының маңыздылығы емес, жастардың отбасы туралы түсінігінің мазмұны мен оны жеке өмірлік жоспарларымен үйлестіру тәсілдері.
Қазіргі жастар үшін отбасы тек некеге тұру және бала тәрбиелеумен шектелмейді. Олар отбасыны өзара түсіністікке, эмоционалдық жақындыққа, сенімге, серіктестікке және ерлі-зайыптылардың ортақ жауапкершілігіне негізделген қарым-қатынас ретінде қабылдайды, – деді Ақнұр Иманқұл.
Отбасылық саясат бөлімінің басшысы отбасының қоғам тұрақтылығындағы рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, отбасы – адамның алғашқы әлеуметтену ортасы әрі әлеуметтік және эмоционалдық қауіпсіздігінің негізі.
– Бала еңбекке, жауапкершілікке, өзара сыйластыққа, қарым-қатынас жасауға және қиындықтарды еңсеруге байланысты алғашқы тәжірибесін отбасында алады. Сондықтан отбасының қоғам үшін маңызы тек демографиялық көрсеткіштермен өлшенбеуі керек. Оның экономикалық, әлеуметтік және адами капиталдың қалыптасуындағы рөлі аса маңызды.
Мықты отбасы өз мүшелеріне қолдау көрсетіп қана қоймай, дағдарыс кезінде әлеуметтік тұрақтандырушы қызмет те атқарады. Отбасындағы қарым-қатынас сапасы баланың болашақтағы әлеуметтік мінез-құлқына, білім алуына, еңбекке қатынасына және өз отбасын құру моделіне әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, отбасына инвестиция жасау – жалпы қоғамның ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылығына салынған инвестиция.
Отбасы институты мен ондағы процестерді он жылдан астам уақыт зерттеу тәжірибеме сүйене отырып айтсам, бақытты отбасының негізі ең алдымен өзара құрмет пен сенім деп ойлаймын. Материалдық жағдай, тұрақты табыс пен тұрғын үй отбасының өмір сапасына әсер ететіні сөзсіз. Бірақ материалдық қамтамасыз ету өздігінен бақытты отбасының кепілі бола алмайды.
ҚҚДИ деректері бойынша да отбасы әл-ауқатының басты көрсеткіштері ретінде махаббат, құрмет, ерлі-зайыптылар арасындағы түсіністік және ата-ана мен бала арасындағы өзара түсіністік аталады.
Берекелі отбасы дегеніміз – проблемасы жоқ отбасы емес. Ол қиындық туындаған кезде бір-бірін кінәламай, мәселені бірге шешуге қабілетті отбасы. Мұнда ашық сөйлесу, бір-бірінің пікірін тыңдау, жауапкершілікті бөлісу және отбасы мүшелерінің жеке шекараларын құрметтеу маңызды.
Ал ата-ана мен бала арасындағы сенімді қарым-қатынастың негізі – баланы тек тәрбиенің объектісі ретінде емес, өз пікірі мен сезімі бар тұлға ретінде қабылдау. Сенім бір күнде қалыптаспайды. Ол баланың сөзін бөлмей тыңдау, оның мәселесін маңызды деп қабылдау, қателік жасаған кезде бірден жазалауға асықпау және пікіріне құрметпен қарау сияқты күнделікті қарым-қатынастан құралады.
Қазіргі ата-ана үшін ең маңызды міндеттердің бірі – баланың орнына барлық мәселені шешу емес. Ең бастысы – оның өз ойын айтуына, шешім қабылдауына және қажет кезде ата-анасына сеніп жүгіне алуына жағдай жасау. Сенімді қарым-қатынас дәл осындай қарапайым, күнделікті әрекеттерден қалыптасады, – деді ол.