Астанада JOLTAP арқылы 22 мыңнан астам адам мамандық алды
Елордада үш жылдан астам уақыттан бері JOLTAP жобасы іске асып келеді. Жоба аясында 22 мыңнан астам адам сұранысқа ие жұмысшы және цифрлық дағдылар бойынша білім алды, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жобаның дамуы туралы JOLTAP жобасының жетекшісі Дана Жүнісова айтып берді. Оның сөзінше, жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында Астана тұрғындарын әлеуметтік қолдаудың қосымша құралы ретінде іске қосылды. Басты мақсаты – тұрғындарға сұранысқа ие дағдыларды меңгеруге және жұмысқа орналасуға жәрдемдесу арқылы табысын арттыруға мүмкіндік беру.

«Бастапқыда үш негізгі міндет белгіленді: қолдауға мұқтаж адамдарды анықтау, оларға қысқа мерзімді практикалық бағыттағы оқудан өтуге мүмкіндік беру және кейін жұмысқа орналасуына көмектесу. Осы уақыт ішінде JOLTAP жеке әлеуметтік жобадан еңбек нарығындағы өзгерістер мен қала тұрғындарының сұранысына жедел жауап беретін бейімделгіш экожүйеге айналды. Сонымен бірге басты қағидатымызды сақтап қалдық: халық бізге келмейді, біз халыққа барамыз», – деді Дана Жүнісова.

Үш жыл ішінде жоба консультанттары 30-дан астам жерде жұмыс істеді. Олар бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне қатысып, базарларға, мешіттерге және әлеуетті қатысушылармен тікелей кездесуге болатын басқа да орындарға барды.
Бүгінде JOLTAP жобасының негізін 5 күннен 22 күнге дейінгі қысқа мерзімді, сұранысқа ие жұмысшы және цифрлық дағдыларды үйрететін оқу курстары құрайды. Негізгі назар тәжірибеге аударылған: сабақтар тек аудиторияларда ғана емес, серіктес кәсіпорындардың өндірістік алаңдарында да өткізіледі. Бұл ретте бизнес өкілдері еңбек нарығындағы сұранысты ескере отырып, оқу бағдарламаларын өзектендіруге де қатысады.

Кәсіби дағдылардан бөлек, жоба еңбек мәдениетін, жауапкершілікті және экономикалық дербестікті нығайтуға бағытталған. Жоба жетекшісінің айтуынша, JOLTAP жұмысында «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» парадигмасы іс жүзінде көрініс табады: сұранысқа ие дағды адал еңбектің негізіне айналса, еңбек адамның өз бетінше табыс табуына мүмкіндік береді.
Жоба жүзеге асырыла бастағаннан бері 30 оқыту бағдарламасы әзірленді. Курстардан 22 мыңнан астам адам өтті, түлектердің 60 пайыздан астамы жұмысқа орналасты. 2 мыңнан астам қатысушы өз кәсібін ашты.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің бір құралы – JUMYSTAP.kz сайты. Платформада шамамен 36 мың жұмыс іздеуші тіркелген, олардың 80 пайызға жуығы – білікті мамандар. Мұнда 5 мыңға жуық кәсіпорын тіркеліп, 6 мыңнан астам бос жұмыс орны жарияланған.
Жұмыс берушілер жұмыс іздеушілермен тікелей байланысып, мамандарды оқу кезінде-ақ таңдай алады. Мысалы, тігін кәсіпорындары мен ательелер болашақ қызметкерлерді оқу сыныптарының өзінен жұмысқа шақырып жатады.
Курсты аяқтағаннан кейін түлектер жекелеген мамандықтар бойынша кәсіби қауымдастықтарға қосыла алады. WhatsApp чаттарында олар бос жұмыс орындары туралы ақпарат алып, тәжірибе алмасады және бір-бірін тапсырыстарды орындауға тартады. Жоба осы қауымдастықтар арқылы қатысушылардың оқу аяқталғаннан кейінгі бір жыл және одан да ұзақ уақыт ішіндегі жұмыспен қамтылуын бақылап отырады. Түлектер жеке тапсырыстарды орындай алады, өзін-өзі жұмыспен қамтуға көшеді немесе өз кәсібін ашады.

2026 жылы JOLTAP 18 мамандық бойынша оқыту жүргізіп жатыр. Оның 13-і жұмысшы, 5-еуі цифрлық бағытқа жатады. Жұмысшы мамандықтардың қатарында тігінші, модельер-құрастырушы, электргазбен дәнекерлеуші, электр монтаждаушы, наубайшы, бариста және корпус жиһазын жасау маманы бар.
Бұдан бөлек, шағын кәсіп жүргізуге қажетті дағдыларды үйретуге арналған бағыттар бар. Олар – есеп жүргізу және салық салу, сату және Kaspi-дүкенде сауда жасау. Қатысушылар графикалық дизайнды, микробизнеске арналған SMM-ді, таргетингті және басқа да цифрлық құралдарды меңгере алады. Кейбір бағдарламалар жасанды интеллектіні сауда мен кәсіпкерлікте қолдануға, сондай-ақ нейрожелілердің көмегімен жарнамалық роликтер жасауға арналған.

«Мұндай құзыреттер біртіндеп жаңа базалық сауаттылыққа айналып келеді және олар цифрлық сала мамандарына ғана емес, кәсіпкерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға және дәстүрлі мамандық иелеріне де барған сайын қажет болып отыр», – деп түсіндірді жоба жетекшісі.

JOLTAP қатысушылары бірнеше саланы қатар меңгеріп, өздерінің микробіліктілік жиынтығын қалыптастыра алады. Мысалы, тігін саласының маманы қосымша графикалық дизайнды, SMM-ді, таргетингті және шағын кәсіп жүргізу негіздерін оқи алады. Нәтижесінде адам өз бетінше табыс табуға және жеке кәсібін дамытуға қажетті дағдылар кешенін меңгереді. Алдағы уақытта оқу бағдарламалары еңбек нарығындағы өзгерістер мен жұмыс берушілердің сұранысына қарай жаңартыла береді. Жасанды интеллектке, заманауи цифрлық құралдарға және микробіліктіліктер жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлу жоспарланып отыр.

Тегін оқуға жазылып, кеңес алу үшін JOLTAP-тың Қабанбай батыр даңғылы, 21а мекенжайындағы «Asia Park» сауда ойын-сауық орталығында орналасқан пунктіне, сондай-ақ Тәуелсіздік даңғылы, 7 мекенжайындағы Алматы ауданы әкімдігіне баруға болады. Бірінші пункт дүйсенбіден сенбіге дейін сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін, екіншісі дүйсенбі-жұма аралығында сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Толық ақпаратты +7 (707) 221-31-31 нөмірі немесе joltap.kz ресми сайты арқылы алуға болады.