Спорт инфрақұрылымын дамыту – елордада бұқаралық және кәсіби спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытындағы басым міндеттердің бірі. Қазір Астанада 800-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 36 ірі спорт кешені бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Спорт инфрақұрылымы қаланың барлық ауданында, оның ішінде қала сыртында орналасқан тұрғын алаптарды да қамтиды. Олардың қатарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары, стадиондар, бассейндер, аулалардағы және ашық аспан астындағы жаттығу алаңдары бар.
Мемлекеттік нысандармен қатар, жеке инвестициялар есебінен де спорт инфрақұрылымы дамып келеді. Соңғы жылдары елордада Alpha Gym, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, Ozen Fitness және Sana Sport заманауи кешендері пайдалануға берілді.
Елордада сондай-ақ инклюзивті спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінеді. 2025 жылы Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың дене шынықтырумен және спортпен айналысуына жағдай жасайтын Инклюзивті спорт орталығы ашылды.
«Биыл ақпан айында елорданың Орталық саябағында спортшыларды, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерді даярлауға арналған жаңа шаңғы базасы ашылды. Нысан бір мезетте 300 адамды қабылдай алады. Мұнда шаңғы жабдықтарын дайындауға және сақтауға арналған бөлмелер, сондай-ақ заманауи жаттығу залы бар», - делінген хабарламада.
Ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі – апатты жағдайға байланысты бұзылған ескі стадионның орнына Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа футбол стадионының салынуы. 3 600 көрерменге арналған стадион Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен бой көтерді. Нысан УЕФА-ның екінші санаттағы талаптарына сәйкес келеді.
Стадион жыл бойы жаттығу өткізуге, сондай-ақ қалалық және республикалық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға арналған.
Бұдан бөлек, «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Оны 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
«Бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту, жоғары деңгейдегі спортшыларды қолдау, халықаралық жарыстар өткізу және инфрақұрылымды жаңғырту – Астананың спорт саясатының негізгі бағыттары. Басты басымдық – тұрғындарға дене шынықтырумен айналысуға қолайлы жағдай жасау, спорт резервін даярлау және елорданы Қазақстанның жетекші спорт орталықтарының бірі ретінде одан әрі дамыту», - деп хабарлады Астана әкімдігі.
Еске салсақ, Астаналық семсерлесуші Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.






