Астанада Абай даңғылының бойына 140 көшет отырғызылды

Астанада Абай даңғылының бойына 140 көшет отырғызылды
Фото: Ернұр Сағымбек

Елордада «Таза Қазақстан» жалпықалалық сенбілігіне Ардагерлер кеңесі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өкілдері, шағын және орта бизнес өкілдері, Астана медицина университетінің студенттері, сондай-ақ Байқоңыр ауданы әкімдігі аппаратының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Сенбілікке қатысушылар қаланы абаттандыру жұмыстарына атсалысып, Абай даңғылы бойына, атап айтқанда, Республика даңғылынан Ш. Уәлиханов көшесіне дейінгі аралыққа 140 ағаш көшетін отырғызды.

Байқоңыр ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшесі Маржан Пірімбетованың айтуынша, мұндай бастамаларға орталық зейнеткерлері жыл сайын белсенді түрде қатысып келеді.

«Бүгін Байқоңыр аудандық әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған игі шараға қатысып, көшет егуге келдік. Абай даңғылының бойын абаттандыруға, қаланың тазалығы мен көркеюіне өз үлесімізді қосу – баршамызға ортақ міндет деп санаймын. Біз «Таза Қазақстан» акциясын әрдайым қолдаймыз. Орталығымыздың зейнеткерлері жыл сайын осындай қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде қатысып келеді. Бүгінгі сенбілік – тек еңбек ету немесе ағаш отырғызу ғана емес, қоғамға, туған қаламызға деген жанашырлықтың көрінісі. Бүгін орталығымыздың зейнеткерлері жастармен бірге көшет отырғызды. Үлкендердің қоғам игілігі үшін атқарып жүрген ісі кейінгі ұрпаққа өнеге болады деп ойлаймын. Табиғатты қорғау мен тазалықты сақтау әр адамның күнделікті мәдениетіне айналуы керек», – деді ол.

Байқоңыр ауданы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Жомарт Дәуменов ардагерлер де қаланы абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысқанын атап өтті.

«Бүгінгі сенбілікке ардагерлер де белсене қатысып жатыр. Арамызда жасы 90-ға таяған қарияларымыз бар, ең кішілерінің өзі 70 жастан асты. Соған қарамастан олар қаланың көркеюі мен гүлденуіне өз үлестерін қосу үшін арнайы келіп отыр. Бұл – біздің тұрған жеріміз, туған мекеніміз. Сондықтан қаламыз әрдайым таза, көрікті әрі жайнап тұруы керек. Қаланың тазалығы мен абаттануына тек коммуналдық қызметтер ғана емес, әрбір тұрғын жауапты. Біз өзіміз өмір сүріп отырған ортаға жанашырлық танытып, оның көркеюіне қолдан келгенше үлес қосуымыз қажет. Ардагерлердің бүгінгі бастамаға қатысуы – кейінгі буынға үлгі. Үлкендеріміздің осындай игі істердің басынан табылып, жастармен бірге еңбек етуі қоғамдағы бірлік пен сабақтастықтың белгісі», – деді Жомарт Дәуменов.

Сенбілікке жастар да белсенді қатысты. Астана медицина университетінің 1-курс студенті Айдын Сәрсенәлі университеттен 120-ға жуық студенттің көшет отырғызуға қатысқанын айтты.

«Бүгінгі сенбілікке университетімізден 120-ға жуық студент қатысып жатыр. Біз осындай қоғамдық маңызы бар іс-шараларға қатысу арқылы қоғамға өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Жастардың тазалық пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауы өте маңызды. Қаланың тазалығы – әрбір тұрғынға ортақ мәселе. Сондықтан біз бұл іске бейжай қарамай, өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Ағаш отырғызу мен айналаны абаттандыру – туған қаламызға деген құрметтің бір көрінісі. Осындай шаралар жастарды ортақ іске жұмылдырып қана қоймай, қоғамдық жауапкершілікті де қалыптастырады. Біз тек өзіміз үшін емес, айналамыздағы адамдарға да пайда келтіретін игі істер жасауға ұмтыламыз. Бүгінгі сенбілікке қатысып, қаламыздың көркеюіне үлес қосқанымызды мақтан тұтамыз», – деді Айдын Сәрсенәлі.

Жалпықалалық сенбілік аясындағы игі бастамаға ардагерлер, зейнеткерлер мен жастардың бірге қатысуы қоғамның ортақ іске жұмылуының және қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің көрінісі болды.

Еске салсақ, елордада «JANA MEN KUZ RUN» бұқаралық жүгірісі өтті.