Бақтияр Айтпаев: Отбасы – қоғамның берік негізі

Бақтияр Айтпаев: Отбасы – қоғамның берік негізі
Фото: «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының баспасөз қызметінен

Отбасы – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Ұрпақ тәрбиесі, өзара сыйластық пен қоғамдағы адамгершілік құндылықтардың бастауы да ең алдымен шаңырақтан қалыптасады. Отбасы күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Бақтияр Айтпаев отбасы құндылықтарының қоғам өміріндегі орны мен бүгінгі отбасыларға көрсетілетін қолдаудың маңызы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

– Отбасы – қоғамның берік негізі. Адамның мінезі, дүниетанымы, өмірлік ұстанымы мен қоғамдағы қарым-қатынасы ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасының беріктігі – тек жеке шаңырақтың мәселесі емес, тұтас қоғамның тұрақтылығына әсер ететін маңызды фактор.

Отбасы күні – осы құндылықтың маңызын тағы бір мәрте еске салатын ерекше күн. Бұл күнді тек мерекелік дата ретінде емес, отбасы институтына деген жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік беретін уақыт ретінде қабылдауымыз қажет.

Бүгінде отбасылардың алдында тұрған мәселелер де өзгеріп келеді. Материалдық қиындықтармен қатар, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың әлсіреуі, эмоционалдық шаршау, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық және бала тәрбиесіне қатысты мәселелер жиі кездеседі. Мұндай жағдайда отбасына тек материалдық көмек емес, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік қолдау да қажет.

Менің ойымша, отбасыға көмек көрсету дегеніміз – мәселе туындаған кезде ғана қолдау көрсету емес. Ең маңыздысы – қиындықтың алдын алу, отбасы мүшелерінің бір-бірін тыңдауына, өзара түсіністік қалыптастыруына және жауапкершілікті сезінуіне жағдай жасау.

Осы бағытта Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Орталыққа жүгінген азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және құқықтық бағыттар бойынша консультациялық әрі практикалық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар отбасылық құндылықтарды нығайтуға, ата-аналардың әлеуетін арттыруға, балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға бағытталған түрлі жобалар мен іс-шаралар ұйымдастырылады, – деді Бақтияр Айтпаев.

Орталық директорының айтуынша, әр отбасының жағдайы мен қажеттілігі әртүрлі болғандықтан, мәселелерді шешуде жеке көзқарас таныту маңызды.

– Біз үшін әр отбасының мәселесіне жеке көзқараспен қарау маңызды. Себебі әр шаңырақтың тарихы, ішкі жағдайы мен қажеттілігі әртүрлі. Бір отбасына құқықтық кеңес қажет болса, екіншісіне психологтың қолдауы, ал үшіншісіне әлеуметтік мәселені шешуге көмектесу маңызды болуы мүмкін.

Отбасындағы қиындықты жасыру немесе көмек сұрауды әлсіздік деп қабылдау дұрыс емес. Керісінше, өз мәселесін мойындап, оны шешуге қадам жасау – жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан қоғамда отбасылардың көмекке жүгіну мәдениетін қалыптастыруымыз қажет.

Әсіресе балалардың отбасындағы ахуалына ерекше назар аударған жөн. Бала ата-анасының арасындағы қарым-қатынасты, олардың бір-біріне деген құрметін, қиын жағдайдағы әрекетін көріп өседі. Сондықтан балаға жақсы тәрбие беру тек ақыл айтумен шектелмейді. Бала ең алдымен ересектердің өзара қарым-қатынасынан үлгі алады.

Отбасы – мінсіз адамдардың бас қосатын жері емес. Ол – бір-бірін түсінуге, кешіруге, қолдауға және бірге дамуға үйренетін орта. Сондықтан әр шаңырақта өзара сыйластық, сенім және ашық әңгіме мәдениеті қалыптасса, көптеген мәселенің алдын алуға болады.

Отбасы күні баршаға бір қарапайым нәрсені еске салуы тиіс: отбасының берекесі өздігінен қалыптаспайды. Оны әр отбасы мүшесі күнделікті қарым-қатынасы, сөзі мен әрекеті арқылы қалыптастырады. Ал отбасы берік болса, қоғам да берік болады. Сондықтан отбасыны қолдау – бүгінгі күннің ғана емес, болашақтың да маңызды міндеті, – деді орталық директоры.