Қарағандыда ер адам көшедегі бейтаныс тұрғынға жақындап, ішімдікке ақша сұраған, алайда ол оның сөзін елемеген. Оқиғаның соңы тонаумен аяқталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ ақпараттық медиапорталының жазуынша, Қарағандыда патрульдік полиция қызметкерлері тонау дерегіне қатысы бар күдіктіні ізін суытпай ұстаған. Жәбірленуші – 39 жастағы қала тұрғыны.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға дүкен маңында басталған. Бейтаныс адам одан алкоголь сатып алуға ақша сұраған. Алайда қала тұрғыны өтінішке назар аудармай, үйіне қарай бет алған. Сол кезде әлгі адам оның соңынан қуып жетіп, мұрнынан ұрған. Кейін қолындағы телефонын тартып алып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Оқиға туралы хабарлама келіп түскен соң патрульдік полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, күдіктінің жеке басын және тұрғылықты мекенжайын анықтаған. Күдікті жақын маңдағы үйлердің бірінде тұратын 36 жастағы қарағандылық болып шықты.
Тексеру барысында оның бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс үшін сотталғаны анықталған. Ұрланған телефон тәркіленіп, заттай дәлелдеме ретінде іске тіркелген.
Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында анасы ұлы жасаған буллинг үшін жауапкершілікке тартылғаны туралы жаздық.