Астанадағы отбасылық дуатлон сайысына 100-ге жуық отбасы қатысты

Астанадағы отбасылық дуатлон сайысына 100-ге жуық отбасы қатысты
Фото: Қанат Байұзақов

2016 жылы бастауын алған отбасылық дуатлонның биылғы бәсекесінде балалар үшін үш санат (8-9, 10-11 және 12-13 жас) белгіленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Жалпы ұзындығы 4,2 шақырым қашықтықты құрайтын отбасылық сайыста алдымен әкелер 2 қашықтық жүгірумен бастаса, одан әрі эстафетаны велосипедке мінген аналар (2 шақырым) алды. Жарысты балалар мәреге дейін 200 метр жүгірумен аяқтады.

«Бүгінгі спорттық шарамыз «Отбасы күніне» орай ұйымдастырылып жатыр. Қатысу тегін және осы іс-шара арқылы отбасылық құндылық насихатталады деген сенімдемін. Жеңімпаздар 3 санат бойынша анықталады және оларға сыйақы ретінде тұрмыстық техникалар беріледі. Сайысқа қатысқан отбасылардың лотерея арқылы велосипед ұтып алуға да мүмкіндігі бар», - деді Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

«OTBASY DUATLON 2026» жарысы оныншы мәрте өткізіліп жатыр. Сайысты баласы 8-9 жас санатына кіретін отбасылар бастады. Бұл жерде биатлоншылар отбасы, Турин және Ванкувер Олимпиадасының қатысушысы, биатлоннан 4 дүркін қысқы Азия ойындарының және екі дүркін Азия чемпионы Александр Червяков пен Анна Лебедеватан құралған команда мәреге жеке-дара жетті.

«Астана қаласында отбасыға арналған дуатлон жылына бір мәрте ұйымдастырылады. Отбасы күніне орай өтетін шараға Ақмола облысы, Ақкөл қаласынан келсек те, ең бастысы өзіміздің балаларға мотивация берсек дейміз. Себебі, балалар біздің сөзімізді емес, іс-әрекетімізді қайталайды. Жалпы осы шараға екінші мәрте қатысып жатырмыз. Былтыр күміс жүлдеге ие болсақ, осы жолы алтын жүлдеге қол жеткіздік. Шынымызды айтсақ, арнайы дайындалдық деп айта алмаймыз. Өзіміз бапкер болғандықтан, күнделікті 80-ге жуық баланың дайындығына көңіл бөлеміз. Ал осындай шара арқылы өзіміздің 6 баламызға үлгі көрсетуге тырысудамыз және бүгін 8-9 жас пен 12-13 жас санатында қатысуға шешім қабылдадық», - деді қатысушы Анна Лебедева.

Жарыс болған жерде жеңісті емес, отбасыны салауатты өмір салтына шақыруды көздейтін жанұялар да болады. Солардың бірі - Байтажигов жанұясы.

«Әлеуметтік желіден «Отбасы дуатлонын» естіп, бірінші мәрте қатысуды жөн көрдік. Өзім жүгірумен тұрақты түрде айналысамын. Соның арқасында әйелім, балаларым да спортқа тұрақты түрде көңіл бөліп келеді. Ұлдарымның күнделікті отжимание жасау, жүгіруін қадағалап тұрамын. Осындай бұқаралық спортты насихаттайтын шаралар көптеп ұйымдастырылса, салауатты өмір салтын наситтайтын тұрғындардың да саны артады деп ойлаймын», - деп Мұхамедәлі Байтажигов өз пікірін білдірді.

Жеңімпаздарды марапаттау және құттықтау салтанаты лотерея ұтысымен жалғасты.

Жарысқа қатысушылар арасында тіркеу нөмірлері бойынша лотереяда 10 велосипед ойнатылды.

Еске салсақ, елордада «JANA MEN KUZ RUN» бұқаралық жүгірісі өтті.