Астанада биыл миллионнан астам жасыл желек отырғызылады
Биыл елордада 1,1 млн-нан астам жасыл желек отырғызу жоспарланған. Бұл жұмыс қаланың барлық ауданында жүріп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бүгінде елордада 4 млн-нан астам жасыл желек бар. Тағы 14 млн-ға жуық ағаш пен бұта «Жасыл белдеу» аумағында өсіп тұр. Қалада жыл сайын кемінде 1 млн ағаш, бұта мен гүл отырғызылады.

Биыл 70 мың ағаш, 600 мыңнан астам сәндік-гүлдейтін бұта, қоршау жасауға арналған 40,5 мың өсімдік және 400 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызу жоспарланған.
«Жыл басынан бері 700 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Оның ішінде 21 мың ағаш, 303,4 мың сәндік-гүлдейтін бұта, қоршау жасауға арналған 28 мың өсімдік, 130,7 мың бұта және 249,2 мың көпжылдық гүл бар. Күзде көгалдандыру жұмысы жалғасады», - делінген хабарламада.

Үлкен ағаштар мен көпжылдық бұталарға ерекше көңіл бөлінеді. Өсімдіктерді таңдау кезінде елорданың климаттық жағдайы ескеріледі. Қолданылатын түрлердің қатарында үйеңкі, жасыл шетен, ұсақ жапырақты қарағаш және сирень бар.
Көгалдандыру жұмысы саябақтар мен гүлзарларда ғана емес, қаланың негізгі магистральдарында да жүргізіледі. Атап айтқанда, Tarlan Astana желісі бойында, Сығанақ пен Қабанбай батыр көшелерінде жаңа көшеттер отырғызылып жатыр. Жекелеген учаскелерде мыңдаған ағаш отырғызып, жаңа жасыл аймақтар қалыптастыру көзделген.

Greenline жаяу жүргіншілер желекжолының екінші кезеңіндегі аумақты көгалдандыру жұмысы да жалғасып жатыр. Мұнда жаңа серуендеу бағыттары, жасыл кеңістіктер, спорт және ойын алаңдары ашылып жатыр. Кешенді абаттандыру аясында ағаштар, бұталар және басқа да өсімдіктер отырғызылады.
Есіл өзенінің бойында Президент саябағын, Бейбітшілік және келісім саябағын, Триатлон саябағын және басқа да демалыс аймақтарын қамтитын саябақтар кластері қалыптасып жатыр. Есіл жағалауын көгалдандыру және абаттандыру жұмысы жалғасуда.

Есіл ауданындағы көгалды қордың құрамында шамамен 240 мың ағаш, 600 мыңға жуық бұта, 65 мың шаршы метр гүлзар, 5 млн шаршы метр көгал және 117 мыңнан астам метр қоршау өсімдіктері бар.
Жыл басынан бері мұнда 40 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Керей-Жәнібек хандар, Ұлы Дала, Қабанбай батыр және басқа да көшелердің бойында кешенді көгалдандыру жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ EXPO саябағының, ҚТЖ гүлзарының аумағы және «Әл-Фараби» мешітінің маңындағы учаске көгалдандырылды.

Байқоңыр ауданында жыл басынан бері 2 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды. Күзде Абай даңғылы мен Кенесары, Пушкин және Ж. Тәшенов көшелерінің бойына тағы шамамен 500 ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған.
Өткен жылы отырғызылған көшеттердің алғашқы нәтижелері де байқалып отыр. Ж. Тәшенов көшесіндегі гүлзарда былтыр отырғызылған 80 алма және алмұрт ағашы жақсы жерсініп, биыл алғашқы жемісін берді.

Сарайшық ауданында 2 357 ағаш және 18 577 сәндік-гүлдейтін бұта отырғызылды.
Сарыарқа ауданында жыл басынан бері 330 мыңнан астам жасыл желек, біржылдық және көпжылдық гүлдер, бұталар, сондай-ақ 1 700-ден астам ағаш отырғызылды. Күмісбеков көшесін көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда қарағай, қарағаш және сиреньді қоса алғанда, 500-ден астам ағаш және әртүрлі тұқымдас 2 400-ден астам бұта отырғызылды.

Бұдан бөлек, Кенесары көшесінде жергілікті суару жүйесімен бірге ауқымды көгалдандыру жұмысы жүргізілді. «Көктал» саябағы мен ауданның тұрғын алаптарының аумағында да осындай жұмыстар атқарылды.
Алматы ауданында да көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Аудан аумағында 97,7 мыңнан астам ағаш, 67,9 мың бұта, 28,2 мың метр қоршау өсімдіктері және 1,7 млн шаршы метр көгал бар.

2025 жылы мұнда 8 мыңнан астам ағаш, 26 мың бұта отырғызылып, 20 мың шаршы метрден астам көгал және 768 метр қоршау өсімдігі жасақталды.
2026 жылы ағаштар, сәндік-гүлдейтін бұталар, көпжылдық гүлдер мен дәнді дақылдарды қоса алғанда, 130 мыңнан астам жасыл желек отырғызу, сондай-ақ көгал төсеу және жасыл аймақтарды абаттандыру жүргізу жоспарланған.

2025 жылы негізгі басымдық ағаш отырғызуға берілсе, биыл жасыл кеңістіктердің бірыңғай эстетикалық келбетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Ол үшін көпжылдық гүлдер, сәндік бұталар, көгалдар және альпілік төбешіктер пайдаланылады.
Нұра ауданында соңғы жылдары 24,5 мың ағаш және 277 мыңға жуық сәндік әрі гүлдейтін бұта отырғызылды. Жыл соңына дейін мұнда тағы 8,5 мыңнан астам ағаш және 132 мыңнан астам бұта отырғызу жоспарланған.

Жаңа табиғи аумақтарды көгалдандыру жұмысы да жалғасып жатыр. Кіші Талдыкөл ауданында биыл күзде ағаштар мен басқа да жасыл желектерді отырғызудың бірінші кезеңі басталады. Бұл ретте жұмыс қолданыстағы ландшафт пен табиғи ортаны барынша сақтай отырып жүргізіледі.
«Қазірдің өзінде қалыптасқан көгалды қорды күтіп ұстау да жұмыстың маңызды бөлігіне айналып отыр. Суару, зиянкестер мен ауруларға қарсы өңдеу, тыңайтқыш енгізу, суару жүйелерін қалпына келтіру және басқа да агротехникалық шаралар жүргізіледі. Мұндай тәсіл отырғызылған көшеттердің санын көбейтіп қана қоймай, олардың жерсінуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Осылайша, Астанадағы көгалдандыру жұмысы көшелер мен аулалардан бастап, саябақтар, желекжолдар және «Жасыл белдеуге» дейінгі бірыңғай жасыл аумақтар жүйесін қалыптастырып келеді. Биыл қаланың жасыл қорына 1,1 млн-нан астам жаңа жасыл желек қосылады.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Қазір елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.

Еске салсақ, елорданың «Сарайшық» ауданында көшелер мен аулалар жаңартылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер, жаяу жүргіншілер және велосипед жолақшалары, спорт алаңдары мен жасыл аймақтар ашылып жатыр.