Елордадағы «Сарайшық» ауданында абаттандыру жұмысы қалай жүріп жатыр

Бүгін, 18:04
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордадағы «Сарайшық» ауданында абаттандыру жұмысы қалай жүріп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорданың «Сарайшық» ауданында аумақты кешенді абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Көшелер мен аулалар жаңартылып, жаңа қоғамдық кеңістіктер, жаяу жүргіншілер және велосипед жолақшалары, спорт алаңдары мен жасыл аймақтар ашылып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Бұл бағыттағы ірі жобалардың бірі – Р.Қошқарбаев даңғылының Қ.Аманжолов көшесінен С.Нұрмағамбетов көшесіне дейінгі бөлігін, сондай-ақ С.Нұрмағамбетов көшесін абаттандыру. Жоба аясында абаттандырылған аумақтың жалпы көлемі 35 мың шаршы метрді құрайды.

Жоба аясында 17 мың шаршы метр аумаққа төсеме тас төселіп, 4 мың шаршы метр жерге асфальт төселді. 100 сыртқы жарықтандыру тірегі және орындықтар мен қоқыс жәшіктері кіретін 40 жиынтық орнатылды. Жергілікті суару жүйесіне арналған жалпы ұзындығы 7,5 мың метр құбыр тартылды. Сонымен қатар 1 136 ағаш және 68 756 бұта отырғызылды.

Тағы бір жоба К.Әзірбаев көшесіндегі 6/1, 6/2, 6/3, 6/4 және 6/5 үйлерінің маңында іске асырылды. Мұнда 2 065 шаршы метр аумаққа төсеме тас төселіп, жалпы ұзындығы 750 метр болатын веложолдар салынды. 10 сыртқы жарықтандыру тірегі орнатылып, 75 ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ А.Бөлекпаев, 9/1 мекенжайындағы гүлзар абаттандырылды. Жоба аясында 900 шаршы метр аумаққа төсеме тас төселіп, аумағы көгалдандырылды.

Мұнда үш көлеңкелі шатыр және 19 сыртқы жарықтандыру тірегі орнатылып, футбол алаңы мен воркаут аймағы жасақталды.

Аула аумақтарына да ерекше көңіл бөлініп отыр. 2026 жылы «Сарайшық» ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 11 аула абаттандырылды.

Жұмыс мына мекенжайларда жүргізілді: Т.Жүргенов көшесі, 18/2; Р.Қошқарбаев даңғылы, 60; К.Әзірбаев көшесі, 6, 6/1, 6/2 және 6/3, 6/4 және 6/5; А.Байтұрсынұлы көшесі, 17/2, 17, 19 және 27.

Абаттандыру жұмысының маңызды бөлігі – көгалдандыру. Ауданда барлығы 2 357 ағаш отырғызылды. Жаңа жасыл желектер көшелердің бойында, аулаларда және қоғамдық кеңістіктерде пайда болып жатыр.

«Сарайшық» ауданын кешенді абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Жаяу жүргіншілер және велосипед инфрақұрылымы дамып, демалуға және спортпен шұғылдануға арналған жаңа орындар ашылып, көгалдандырылған аумақтардың көлемі артып келеді.

Еске сала кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған. Қазір елорданың барлық алты ауданында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.