Гульнара Базаралиева: Спортпен шын жүрегімен айналысқан адам зиянды әдеттен аулақ болады
Тоғызқұмалақтан Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері Гульнара Базаралиева жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың маңызы зор екенін айтты. Спортшы Elordainfo.kz тілшісіне берген сұхбатында алкогольдің денсаулыққа және спорттық нәтижеге әсері туралы өз ойымен бөлісті.
- Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?
- Менің ойымша, қазіргі таңда ішімдік жастар мен жасөспірімдер арасында бұрынғы буынмен салыстырғанда азырақ таралған. Ал қазіргі жасөспірімдер арасында алкогольді қолданатындар болса, оны әуестікпен емес, жай ғана не екенін білуге деген қызығушылықпен қолдануы мүмкін деп ойлаймын.
- Кәсіби спортшы ретінде алкогольдің ағзаға және спорттық нәтижеге тигізетін зиянын қалай түсіндірер едіңіз?
- Алкоголь – зиян. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Ол спорттық мансапқа, жоғары нәтижеге жетуге және денсаулыққа кері әсер етеді. Спортшының ең басты құралы – өз денесі. Мысалы, көліктің дұрыс жұмыс істеуі үшін әрбір бөлшегіне күтім жасаймыз. Дәл сол сияқты өз денсаулығымызға да барынша жауапкершілікпен қарауымыз керек.
Алкоголь спорт нәтижесіне тікелей әсер етеді. Ол мидың жұмысын әлсіретіп, реакцияны төмендетеді. Бұл әсіресе күрес сияқты жылдам шешім қабылдауды қажет ететін спорт түрлерінде маңызды. Сонымен қатар ұйқы сапасын төмендетіп, жүрек-қантамыр жүйесіне де кері әсерін тигізуі мүмкін.
Спортпен айналысу зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольге әуестенудің алдын алуға қалай көмектеседі?
Спортпен шын жүрегімен айналысатын адам алкогольге деген қызығушылықтан және ол туралы артық ойлардан аулақ болады деп ойлаймын. Зиянды әдеттердің алдын алу адамның санасына байланысты. Саналы адам алкогольге әуестене қоймайды.
- Бүгінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылар қандай рөл атқаруы керек деп ойлайсыз?
- Салауатты өмір салтын насихаттау үшін ең алдымен өзің үлгі бола білуің керек. Тек әлеуметтік желіде ғана спортпен айналысып, жаттығулар мен жүгірулерді көрсету жеткіліксіз. Камерасыз уақытта да сол өмір салтын ұстану маңызды.
Мысалы, танымал спортшылар арасында түрлі челлендждерді көбейтуге болады. Халықпен бірге әр сенбі сайын бірнеше шақырым жүгіру, велошеру ұйымдастыру немесе қыста шаңғы тебу сияқты бастамалар жастарға жақсы әсер етеді деп ойлаймын.
- Өз тәжірибеңізде спорттың арқасында өмірін жақсы жаққа өзгерткен немесе зиянды әдеттерден алыс жүрген жастарды кездестірдіңіз бе?
- Қазіргі таңда спорттағы көптеген жас спортшылардың алкогольден ғана емес, басқа да зиянды заттардан аулақ екенін көріп жүрмін. Соған сәйкес олардың спорттағы жетістіктері де жоғары.
Жарыс кезінде денсаулығына байланысты қиындықтары аз болады. Ал темекі немесе бір реттік электронды темекі қолданатын спортшылардың психологиялық тұрғыдан тұрақсыз болып қалатын жағдайларын байқадым. Кейде шешім қабылдайтын сәтте қобалжып, жарыс кезінде қатты жүйкеленіп, бұл өз нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін.