Ербол Жолданғар: Мемлекеттік қызмет көрсету орындарындағы мониторинг - өте тиімді құрал

Ербол Жолданғар: Мемлекеттік қызмет көрсету орындарындағы мониторинг - өте тиімді құрал
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Ербол Жолданғар мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мен халықтың мәселелерін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ой бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Ербол Қабдығалиұлы, халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу бойынша жүйелі мәселелерін шешу туралы айтып кетсеңіз.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы жүйелі мәселелерді шешу - біздің департаменттің ең басты міндеттерінің бірі және бұл халықтың өмір сүру сапасын арттырып, артық бюрократиялық кедергілерді жоюға бағытталған үлкен кешенді жұмыс. Біз ең алдымен мәселенің салдарын емес, себебін анықтап, оны тамырымен жоюға тырысамыз. Бұл мақсатта мемлекеттік қызмет көрсету орындарында тікелей бақылау мен тұрақты мониторинг жүргізу өте тиімді құрал.

Сонымен қатар, азаматтардың уақытын үнемдеу үшін біз жұмыс процестерін оңтайландырып, артық қағазбастылықтан арылу және мемлекеттік органдар арасындағы құжат айналымын қысқарту бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз.

Мақсатымыз - бір ғана өтініш арқылы бірнеше қызметті кешенді түрде көрсету. Бұл ретте адами факторды барынша азайтып, қызметтерді e-Gov порталы мен мобильді қосымшалар арқылы толықтай автоматтандырудың және қызметтерді адам сұрамай тұрып проактивті форматта ұсынудың маңызы зор. Ең бастысы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында елорда тұрғындарының шағымдары мен ұсыныстарын үнемі талдап отырамыз. Егер белгілі бір қызмет түрі бойынша бірнеше рет шағым түссе, біз мұны жекелеген қателік емес, заңнамадағы қайшылықтардан немесе ақпараттық жүйелердің ақауынан туындаған жүйелі мәселе ретінде қарастырып, оны түбегейлі шешудің нақты шараларын қабылдаймыз.

- Ербол Қабдығалиұлы, мемлекеттік органдардың қызметін мониторинг жасау жайында айта кетсеңіз?

Мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдардың қызметіне мониторинг жасау - бұл бірінші кезекте қателіктерді іздеп, біреуді жазалау емес, керісінше, халық пен мемлекет арасындағы байланысты жақсарту және заңбұзушылықтардың алдын алу құралы. Біз Астана қаласындағы барлық мемлекеттік мекемелердің халыққа қалай қызмет көрсетіп жатқанын үнемі назарда ұстаймыз және бұл процесс елорданың қарқынды тіршілігіне бейімделуі тиіс. Бұл жұмыс күнделікті түсетін шағымдарды талдаудан бастап, мекемелерге тікелей барып, жағдайды орнында өз көзімізбен көруді қамтиды. Мониторинг барысында кезектердің қаншалықты жылдам жылжитыны, мамандардың азаматтармен қалай сөйлесетіні, мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасалуы және ең бастысы - қызметтің заңда көрсетілген мерзімде, ешқандай артық құжатсыз берілуі қатаң тексеріледі. Департаменттің мамандары мен қызметкерлері бұл бағытта күнделікті жұмыстар атқаруда.

Мәселен, таяуда ғана, 27 тамызда біздің департамент астанадағы Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында мемлекеттік қызметтердің сапасына және көлік құралдарын жабдықтау процестеріне арнайы бақылау шараларын өткізді. Осындай тікелей тексерістердің арқасында біз қағаз жүзіндегі құрғақ есептерге ғана сеніп қоймай, шынайы өмірдегі жағдайды бағамдай аламыз. Егер қандай да бір мекемеде азаматтардан заңсыз қосымша анықтама сұрау немесе қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту фактілері анықталса, біз оны сол сәтте түзетуге ұсыным беріп, оның қайталанбауын қатаң бақылауға аламыз. Біздің басты мақсатымыз - осындай жүйелі мониторинг арқылы әрбір мемлекеттік органның жұмысын барынша ашық, әділетті және елорда тұрғындарына шынымен жақын әрі пайдалы етіп қалыптастыру.

- Осы орайда халықтың мемлекеттік қызметті алуын жеңілдету бойынша қандай ұсыныстар бар?

- Халықтың мемлекеттік қызметтерді алуын одан әрі жеңілдету үшін бізде бірнеше нақты әрі өміршең ұсыныстар бар.

Біріншіден, елорда тұрғындарының басым бөлігі күнделікті өмірде банк қосымшаларын белсенді қолданатындықтан, біз ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді eGov-тан бөлек дәл осы Kaspi, Halyk сияқты танымал платформаларға көбірек біріктіруді ұсынамыз, өйткені бұл қазіргі заманда адамдарға өте ыңғайлы.

Екіншіден, проактивті қызметтердің аясын барынша кеңейту өте маңызды, яғни азамат қандай да бір өмірлік жағдайға тап болғанда, мысалы, көпбалалы отбасы мәртебесін алғанда немесе зейнет жасына жеткенде, мемлекет оның өтінішін күтпей-ақ, тиісті жәрдемақыны немесе қызметті автоматты түрде тағайындауы тиіс.

Үшіншіден, астанадағы барлық мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларын толықтай бір-бірімен біріктіру процесін соңына жеткізілсе, бұл тұрғындардан ешқандай қағаз анықтама талап етпеуге және «анықтама үшін анықтама жинау» тәжірибесін түбегейлі жоюға толық мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, азаматтардың базалық сұрақтарына тәулік бойы жылдам жауап беретін виртуалды көмекшілерді дамытып, байланыс орталықтарындағы кезек күту уақытын қысқарту қажет. Әрине, елордадағы аға буын өкілдерінің де жағдайын ұмытпауымыз керек, сол себепті Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кеңесші мамандар тек батырманы басып қызмет көрсетіп қана қоймай, келген адамға сол қызметті келесі жолы өз телефонынан қалай оңай алуға болатынын үйрететін нағыз көмекшіге айналуы керек. Осы ұсыныстарды толық іске асыру арқылы біз Астана қаласындағы мемлекеттік қызмет алу процесін халықтың уақыты мен жүйкесін жұмсамайтын, еш кедергісіз өтетін күнделікті үйлесімді жағдайға айналдыра аламыз.

- Атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде ой бөліскеніңіз үшін рахмет!