«Отбасы – алғашқы әлеуметтендіру институты» – Шынар Жүсіпқалиева

Бүгін, 09:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Отбасы – алғашқы әлеуметтендіру институты» – Шынар Жүсіпқалиева
Фото: Шынар Жүсіпқалиеваның жеке мұрағаты

Қыркүйектің екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні атап өтіледі. Бұл – отбасы құндылықтарын дәріптеп, қоғамдағы отбасы институтының маңызын тағы бір мәрте еске салатын айтулы күн. Қазіргі қоғамда отбасының рөлі қалай өзгеріп жатыр, бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігі қандай және отбасылық құндылықтарды сақтаудың маңызы неде? Осы және өзге де мәселелер жөнінде әлеуметтанушы Шынар Жүсіпқалиевамен әңгімелестік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

- Елімізде отбасы институтының маңызы қандай деп ойлайсыз?

- Алғаш рет еліміздің жаңа Конституциясында неке және отбасы институтына қатысты негізгі қағидаттардың бекітілуі, еліміздегі отбасы институтының маңыздылығын нақты көрсетіп отыр. Отбасы қарапайым тұрмыстық бірлік емес, ол мемлекеттің «микро-моделі», сондықтан әлеуметтануда отбасы алғашқы әлеуметтендіру институты ретінде қарастырылады. Сондай-ақ отбасы институтын мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның дамуына әсер ететін маңызды фактор деп айтуға болады. Бірақ әлеуметтану тұрғысынан отбасы мен мемлекеттің тұрақтылығы арасында тікелей ғана емес, жанама және көп факторлы байланыс бар екенін атап өткен жөн.

Бүгінгі цифрландыру, жаһандану сияқты қарқынды өзгерістер жағдайында отбасы институты трансформациялануда. Отбасы мемлекеттің дамуы үшін ең маңызды адами капитал, адамгершілік нормалары сияқты стратегиялық әлеуметтік міндеттерді жүзеге асырады.

Біріншіден, 2025 жылы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ жариялаған Қазақстандағы отбасы институтының проблемаларын зерделеу бойынша кешенді баяндаманың Дүниежүзілік құндылықтарға шолу (WVS) деректері бойынша қазақстандық респонденттердің 90%-дан астамы отбасы олардың өмірлік басымдықтары иерархиясында бірінші орындардың бірін алатынын атап көрсеткен.

Екінші, Инглхарт-Вельцельдің әлемдік мәдени картасында Қазақстан дәстүрлі құндылықтар (отбасының, діннің, беделдің маңыздылығы) және өмір сүру құндылықтары (экономикалық қауіпсіздік пен әлеуметтік тұрақтылық) айқын басымдық көрсететін елдер секторында орналасқан. Үшінші, «Қазақстан отбасылары» ұлттық баяндамасында көрсетілген жаппай сауалнама нәтижелері бойынша қазақстандықтар үшін отбасы ең алдымен бақыт пен махаббатты (44,9%), ұрпақ жалғасын (41,7%) білдіреді, сонымен қатар 16,7% отбасын тікелей қоғамның негізі деп есептейді.

Баяндамада респонденттердің 62,7% «қамқорлық, құрмет және қолдау көрсетуді» басты құндылық ретінде қарастыруы, ата-аналар бірінші кезекте бала бойында еңбекқорлықты (39,8%), шыншылдықты (31,7%) және үлкендерді сыйлауды (28,5%) тәрбиелеуді мақсат етуін есепке алсақ, Отбасы институтын мемлекеттің тұрақтылығы мен қоғамның дамуына әсер ететін маңызды фактор деп айтуға негіз болып табылады. Осылайша, жинақталған сандық және сапалық деректер отбасы институты мемлекеттің демографиялық, экономикалық және адамгершілік негізін құрайтын ең басты тұрақтандырушы фактор екенін нақты дәлелдейді.

- Бала тәрбиесінде отбасының рөлі қандай? Бұл міндетті мектеп немесе басқа әлеуметтік институттар толықтыра ала ма?

- Бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі ерекше әрі оны басқа ешбір институт толық алмастыра алмайды. Ұлттық баяндама деректері мен әлеуметтанулық зерттеулерге сүйенсек, бала тәрбиесі, жеке тұлғаның әлеуметтенуі, адамгершілік нормалар мен мінез-құлық үлгілерінің қалыптасуы базалық құндылық.

Ең алдымен бала тәрбиесіндегі отбасының рөлінде, әсіресе ата-ананың, яғни екеуінің де тәрбие процесіне белсенді әрі тең дәрежеде қатысуы, баланың жеке тұлға ретінде үйлесімді қалыптасуына және психологиялық тұрғыдан қауіпсіз, салауатты отбасы ортасының құрылуына тікелей ықпал етеді. Сондай-ақ, мектеп, мемлекеттік бағдарламалар немесе заңнамалық шаралар отбасылық тәрбие функциясын толық алмастыра алмайды, олар тек толықтырушы ретінде әрекет ете алады. 

Оған негіз болатын факторлардың бірі - құндылықтардың қалыптасуы, екіншісі мемлекеттік заңды шаралардың шектеулігі. Мектеп пен өзге әлеуметтік институттар отбасын алмастыра алмағанымен, олардың тәрбиелік қызметін тиімді толықтыра алады. Қазіргі цифрландыру жағдайында ата-ана мен мектептің өзара іс-қимылын дамытуда тәрбие процесі тиімді болуы үшін білім беру жүйесін ата-аналармен байланыста және өзара әрекеттесуді кеңінен іске асыру керек. Қорыта айтқанда, мектеп пен басқа да әлеуметтік интституттар отбасын тәрбие ісінен ешқашан ығыстыра алмайды, бірақ отбасымен тығыз, серіктес және ашық байланыс орнату арқылы баланың тұлғалық қалыптасу процесін толыққанды ете алады.

- Отбасының тұрақтылығына қазіргі ақпараттық орта, әлеуметтік желілер мен жаңа өмір салты қалай әсер етуде? 

- Әрине, отбасының тұрақтылығына қазіргі ақпараттық орта, әлеуметтік желілер мен жаңа өмір салты тікелей және жан-жақты әсер етуде. Бұл әсерлердің оң және теріс қырларына тоқталсақ, алдымен, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың (АКТ) дамуы мен интернет кеңістігі отбасы қарым-қатынасына екіжақты ықпал етеді. «Мінсіз өмір» иллюзиясы (Instagram әсері), әлеуметтік желілердегі «сәтті өмірдің» идеалды бейнеленуі ерлі-зайыптылар арасында наразылық пен шиеленіс тудыратын басты факторлардың бірі. 

Сауалнама бойынша, қазақстандық ата-аналарды балалардың әлеуметтік желілер мен интернетке (38,8%) және виртуалды ойындарға (35,1%) тәуелділігі өте қатты алаңдатады. Әлеуметтік желілер мен телефонға тәуелділік отбасы мүшелерінің физикалық тұрғыдан бір үйде отырса да, бір-бірінен алыстап, оқшаулануына әкеледі, яғни гаджеттерге тәуелділікті күшейтеді.

Енді оң жағына келетін болсақ, әлеуметтік желілер мен интернет отбасы мүшелері үшін білім беру ресурстарының, оқу материалдарының және өзін-өзі дамытудың шабыт көзі болып табылады. Сауалнама көрсеткендей, қазақстандықтардың басым көпшілігі БАҚ отбасылық қарым-қатынастарға «мүлдем әсер етпейді» деп санайды. Шамамен үштен бірі (31,2%) БАҚ отбасында қақтығыстардан бұрын пікірталастар мен талқылаулар туғызады десе, тек 8,4%-ы ғана БАҚ-тың отбасына жағымсыз әсер етіп, қақтығыстар мен даулар тудыратынын атап өткен.

- Толыққанды отбасы баланың әлеуметтік қалыптасуына қаншалықты ықпал етеді?

- Толыққанды отбасы (әке мен ананың бірге болуы және тәрбиеге тең қатысуы) баланың жеке тұлға ретінде және әлеуметтік тұрғыдан қалыптасуына орасан зор әрі шешуші ықпал етеді. Ұлттық баяндама деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың басым көпшілігі (71,8%-ы) екі ата-ананың да болуын берекелі отбасының негізгі және міндетті шарты деп санайды.

Баланы тәрбиелеуге, оқыту мен дамытуға әке мен ананың екеуінің де белсенді әрі тең дәрежеде қатысуы баланың жеке басының үйлесімді қалыптасуына және психологиялық тұрғыдан қауіпсіз, салауатты отбасы ортасының құрылуына тікелей ықпал етеді. Зерттеулер көрсеткендей, әкенің баланың балалық шағындағы тәрбиеге белсенді араласуы оның физикалық денсаулығы мен әлеуметтік машықтарына өте оң әсер етеді.

Бала тәрбиесімен белсенді айналысатын ата-аналар баланың бойында сенімділікті, өзге адамның жан дүниесін түсіну (эмпатия) қабілетін және кикілжіңдерді сындарлы шешу дағдыларын дамытады, сондықтан толық ықпал етеді. Балалар отбасындағы қарым-қатынас моделін толығымен көшіріп, мектепке немесе қоғамдық ортаға ауыстырады.

- Сұхбатыңызға рақмет.