Қазақстан Қытайдағы халықаралық көрмеде тау-кен әлеуетін таныстырды
Қазақстан Тяньцзинь қаласында өткен China Mining 2026 XXVIII халықаралық конференциясы мен көрмесінде алғаш рет бірыңғай ұлттық стендін таныстырды. Бұл туралы Elordainfo.kz Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шараға 65 елдің өкілдері, оның ішінде 35 министр, ірі өнеркәсіптік компаниялар мен сарапшылар қатысты. Негізгі тақырып – өзара тиімді ынтымақтастық, «жасыл» және интеллектуалды даму.
Қазақстандық делегацияны Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев бастап барды. Ол көрменің ашылуында Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде Қазақстанда қытайлық серіктестердің қатысуымен шамамен 11 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың қатарында тау-кен, мұнай-газ, энергетика, инфрақұрылым және жоғары технологиялар салаларындағы ірі компаниялар бар.
«Қазақстан қосылған құнның жаңа тізбектерін және заманауи өндірістерді бірлесіп құруға мүмкіндік ұсынады. Біз қытайлық және халықаралық компанияларды геологиялық барлау, минералдық шикізатты өндіру және терең өңдеу бағыттарындағы ынтымақтастыққа шақырамыз. Заманауи технологияларды тартуға және өндірістерді оқшаулауға ерекше мән береміз», – деді Ерсайын Нағаспаев.
Көрме аясында министр ҚХР Мемлекеттік кеңесі вице-премьері Хэ Лифэнмен кездесіп, өнеркәсіптік ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

Қазақстанның ұлттық стенді тау-кен өндіру және геологиялық барлау компанияларын, салалық ұйымдар мен перспективалы инвестициялық жобаларды біріктірді. Оны Ерсайын Нағаспаев пен ҚХР Табиғи ресурстар министрі Лю Гохун бірлесіп ашты.
China Mining – геология, минералдық ресурстар және тау-кен өнеркәсібі саласындағы ірі халықаралық алаңдардың бірі.
Бұған дейін Ченнайда «Қазақстан – Үндістан 2026» бизнес-форумы өткенін жаздық.