Ченнайда «Қазақстан – Үндістан 2026» бизнес-форумы өтті
Үндістанның Ченнай қаласында мемлекеттік органдар, даму институттары және іскер топтардың басын қосқан «Қазақстан – Үндістан 2026» бизнес-форумы өтті. Жиынға 300-ден астам делегат қатысып, инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Бұл туралы Elordainfo.kz Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Форум аясында Қазақстан өңірлерінің инвестициялық әлеуетіне арналған «Focus Kazakhstan: Discovering Regional Opportunities» панельдік сессиясы ұйымдастырылды. Онда Ақмола облысының инвестициялық мүмкіндіктері мен перспективалы ынтымақтастық бағыттары таныстырылды.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов өңірдің елорданың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, облыс астық және ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша жетекші өңірлердің бірі. Сонымен қатар тау-кен металлургия кешені мен жасыл энергетика салалары дамып келеді.
«Үндістанмен ынтымақтастықтың ең жоғары әлеуетін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу және тамақ өнеркәсібі, машина жасау, өндірісті оқшаулау, жабдықтар шығару, сондай-ақ туризм, логистика және инфрақұрылым салаларынан көріп отырмыз. Біз үшін форум қорытындысы нақты жобалар мен серіктестерге ұласуы маңызды», – деді Ернар Жаркешов.
Форумның маңызды нәтижелерінің бірі – үндістандық компаниялармен бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылуы.

Атап айтқанда, Ақмолада қалдықтарды басқару және қайта өңдеу саласында жұмыс істейтін «ECO-Dump» ЖШС үндістандық Green City Biotech және Enhanced Bio Fuels and Technologies Pvt. Ltd. компанияларымен меморандум жасасты. Тараптар Қазақстанда биологиялық отын мен био тыңайтқыштар өндіру, биомассаны қайта өңдеу және заманауи агротехнологияларды енгізу бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Kazrost Engineering Ltd және Aqmola Beton Industry компаниялары әлемдегі ірі трактор өндірушілердің бірі – үндістандық TAFE компаниясымен Қазақстан нарығына арналған заманауи тракторлардың жергілікті өндірісін жолға қою жөнінде уағдаласты.

Туризм және білім беру салаларында да келісімдер жасалды. Балалар-жасөспірімдер туризмі және демалысы қауымдастығы Blueberry Travel Group компаниясымен, ал Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті Ченнайдағы Saveetha Institute of Medical and Technical Sciences институтымен меморандумға қол қойды.
Ақмола облысында қазір жалпы құны 392 млрд теңге болатын 158 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Өңірде жаңа өндірістерге қажетті инфрақұрылымды дамыту үшін республикалық маңызы бар AQMOLA индустриялық аймағы және Көкшетау, Степногорск қалалары мен Зеренді ауданындағы үш өңірлік индустриялық аймақ жұмыс істейді.
Бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі елімізге инвестиция тартуды күшейтудің негізгі міндеттерін белгілегенін жазғанбыз.