Астанада бір донор үш адамның өміріне үміт сыйлады

Астанада бір донор үш адамның өміріне үміт сыйлады
Фото: ДСМ

Астанада түн ішінде жүргізілген донорлық процесс нәтижесінде бір донордың жүрегі, өкпесі мен бауыры алынды. Бұл ағзалар трансплантация кезегінде тұрған пациенттерге өмір сыйлауы мүмкін. Бұл туралы Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай әрбір донорлық процестің артында дәрігерлер, реаниматологтар, трансплантологтар, донорлық үйлестірушілер, санитариялық авиация мамандары және басқа да медицина қызметкерлерінің үйлесімді еңбегі тұр.

Алайда бұл үдерістегі ең маңызды шешім – жақынынан айырылған отбасының ең қиын сәтте қабылдаған таңдауы. Денсаулық сақтау министрлігі донордың туыстарына адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген батылдығы мен адамгершілігі үшін алғыс білдірді.

Қазақстанда ағза трансплантациясын күткен адамдар үшін донорлықтың маңызы артып келеді. Жыл басынан бері елімізде қайтыс болғаннан кейінгі 132 әлеуетті донор анықталып, 205 трансплантация жасалған.

2026 жылғы 11 қыркүйектегі жағдай бойынша 13 мультиағзалық донорлық процесс жүргізілді. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан 42 трансплантация жасалды. Оның ішінде 14 бүйрек, 9 бауыр, 11 жүрек, 4 өкпе және 4 мөлдір қабық бар.

Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында нақты адамның тағдыры тұр. Трансплантация кезегінде тұрған, өмірін өзгертер қоңырауды күн сайын күтетін адамдар үшін донорлық – үміттің бір мүмкіндігі”, – деді Денсаулық сақтау министрлігінен.

Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстанда 18 донорлық процесс жүргізіліп, 68 трансплантация жасалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім көрсеткен.

Бұған дейін Маңғыстауда 16 күндік нәрестеге күрделі ота жасалғанын жаздық.