Маңғыстауда 16 күндік нәрестеге күрделі ота жасалды

Маңғыстауда 16 күндік нәрестеге күрделі ота жасалды
Фото: ДСМ

Маңғыстау облысында туғанына небәрі 16 күн болған нәрестеге күрделі нейрохирургиялық операция алғаш рет сәтті жасалды. Бұл туралы Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында менингорадикулоцеле диагнозымен дүниеге келген сәбиге жасалған операция кезінде заманауи медициналық технологиялар қолданылды. Баланың жүйке жүйесінің қызметін бақылау және ықтимал асқынулардың алдын алу үшін интраоперациялық нейромониторинг жүргізілді.

Күрделі операцияны нейрохирург Ахмет Орын орындады. Оған Ербол Кенжевалов ассистенттік етті. Нейромониторингті невропатолог Ботагөз Молдашева қамтамасыз етсе, анестезиологиялық сүйемелдеуді анестезиолог-реаниматолог Амангелді Дүйсенбек жүргізді.

Мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде операция сәтті аяқталды. Отадан кейін нәресте дәрігерлердің бақылауында болып, қажетті ем қабылдады. Қазір баланың жағдайы қанағаттанарлық, сәби ауруханадан үйіне шығарылды.

Алдағы уақытта нәрестеге жоспарлы оңалту шаралары жүргізіледі. Ол нейрохирург, невропатолог, уролог және ортопед мамандарының тұрақты бақылауында болады.

Бұл операция Маңғыстау облысында жаңа туған нәрестелерге күрделі әрі жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмек көрсету мүмкіндігінің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді”, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Алматыда дәрігерлер жаңа туған нәрестеден 2 келі ісікті алып тастағанын жаздық.