Астанада отбасы құндылықтарын нығайту мәселесі талқыланды

Бүгін, 15:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада отбасы құндылықтарын нығайту мәселесі талқыланды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Отбасы күні қарсаңында шаңырақ көтеру және отбасы құндылықтарын дәріптеу мәселелеріне арналған Республикалық Аналар кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, Әкелер одағының өкілдері, психологтар, дәрігерлер, құқық және қаржы саласының мамандары, студенттер мен белсенді жастар қатысты.

Дөңгелек үстелде жастардың шаңырақ көтеруге деген көзқарасы, отбасын құруға дайындығы, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен жауапкершілік мәселелері талқыланды.

Сарапшылар некеге тұрудың құқықтық және қаржылық тұстары, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әкенің бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі және жастардың шаңырақ көтеруге психологиялық тұрғыдан дайындығы жөнінде пікір алмасты.

Жастар отбасын құру туралы шешімге әсер ететін мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, мамандарға сауал қойып, ұсынысын білдірді.

Еске сала кетейік, Астанада Отбасы күніне орай тоғызқұмалақтан турнир өтті.