Астанада Отбасы күніне орай тоғызқұмалақтан турнир өтті
Отбасы күніне орай елорданың Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Отбасы – ұлттық құндылықтың негізі» атты тоғызқұмалақтан турнир өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жарысты Нұра ауданының әкімдігі мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесіп ұйымдастырды.

Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Мұрат Темірболатов турнирді ашып, қатысушыларға сәттілік тілеп, барша жиналғандарды Отбасы күнімен құттықтады.
Турнирге №111 мектептің оқушылары қатысып, екі буын өкілдері оқушылар мен зейнеткерлер арасында тартысты ойын өтті. № 111 мектептің оқушыларын тоғызқұмалақтан ұстаз Серік Мешітбаев бастап келді.

Тартысты өткен турнирдің қорытындысы бойынша командалық есепте І орынды Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының тоғызқұмалақшылары иеленсе, ІІ орынды №111 мектеп оқушылары алды.
Жарыстың өтуіне Астана қаласы әкімдігінің Спорт-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы КММ қолдау көрсетті. Дирекция атынан нұсқаушы Азамат Байлов қатысып, жеңімпаздарға кубоктар мен дипломдарды табыстады.

«Бұл аға буын өкілдеріне көрсетілген құрмет. Іс-шара ұлттық спортты дәріптеу, тоғызқұмалақ ойыны арқылы аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Жарысқа қатысқан барлық спортшыларға алғыс білдіріп, жеңімпаздарды жеңістерімен құттықтаймыз» - деп жүрекжарды лебізін білдірді Нұра ауданы бойынша Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Мұрат Сағындықұлы.

Іс-шара барысында ұлттық спорт пен отбасы құндылықтарының маңыздылығы атап өтіліп, қатысушыларға жылы лебіздер айтылды. Осындай тағылымды кездесулер ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеуге және салауатты өмір салтын насихаттауға өз үлесін қосары сөзсіз.
Айта кетейік, Астаналық спортшы пара атудан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды.