«Қарапайым жұмысшы болудан намыстанбау керек»: Астананың тазалығына үлес қосып жүрген Марал Күлпейісова

Бүгін, 11:02
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Қарапайым жұмысшы болудан намыстанбау керек»: Астананың тазалығына үлес қосып жүрген Марал Күлпейісова
Фото: Марал Күлпеисованың жеке мұрағаты

Елорда тазалығына күн сайын үлес қосып жүрген Марал Күлпейісова 2012 жылдан бері «Астана Тазалық» ЖШС-ның «Сарайшық» ауданы санитарлық тазалау учаскесінде жол жұмысшысы болып еңбек етіп келеді. 14 жыл ішінде ол жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және өз ісіне адалдығымен әріптестерінің құрметіне бөленген. Еңбек күніне орай Elordainfo.kz тілшісі Марал Күлпейісовамен еңбек жолы, мамандығының ерекшелігі, күнделікті жұмысы, қиындықтары және еңбек адамының қоғамдағы орны туралы әңгімелесті.

– Марал апай, осы салада еңбек етіп келе жатқаныңызға 14 жыл болыпты. Бұл мамандықты қалай таңдадыңыз?

– Мен бұл жұмысқа келгенге дейін «Астана Зеленстрой» мекемесінде еңбек еттім. Кейін «Астана Тазалыққа» жұмысқа орналастым. Осында тұрақтап, көп жыл еңбек етуді мақсат еттім.

– 14 жыл бойы бір салада жұмыс істеу үшін адамда қандай қасиет болуы керек?

– Ең алдымен шыдамдылық пен ерік-жігер керек. Қандай жағдай болса да, сабыр сақтап, адамгершілікті жоғалтпау маңызды.

– Жұмыстағы бір күніңіз қалай басталады? Жұмыста қандай міндеттер атқарасыз?

– Таңғы сағат 6-ға қарай жұмысқа шығамын. Үйден жаяу келемін, жолға шамамен 45-50 минут кетеді. Жұмысқа келген соң журналға қол қоямыз. Бізде «Клокстер» деген қосымша бар, соны іске қосамыз. Аға шебер тапсырма береді. Әр жұмысшыға белгілі бір көше бекітіледі. Сол аумаққа жауап береміз. Алдымен қоқысты жинап, кейін көшені сыпырамыз.

– Ауа райы қолайсыз болған кезде жұмыс істеу қиын ба?

– Әрине, қиындық болады. Әсіресе қыста қатты аязда, жазда аптап ыстықта немесе жаңбырлы күндері жұмыс істеу оңай емес. Бірақ жұмыс болған соң бәріне төтеп береміз. Көшелер таза болуы керек.

– Жол тазалап жүргенде тұрғындардан алғыс естіп тұрасыз ба?

– Иә, тұрғындар алғыс айтып жатады. Бұл біз үшін өте жақсы. Еңбегімізді бағалаған кезде қуанамыз. Адамдардың ризашылығы бізге күш береді.

– Жастарға қарапайым жұмысшы мамандығын таңдауға не айтар едіңіз?

– Қарапайым жұмысшы болудан намыстанбау, ұялмау керек. Өйткені біз де қаламыздың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып жатырмыз. Әр еңбектің өз орны бар. Өзім бұл жұмыста жүріп мықты әрі төзімді болуды үйрендім. Қандай қиындық болса да, мойымай еңбек ету керек.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Менің балаларым бар, сегіз немерем бар. Екі үлкен балам алыста тұрады, өз отбасылары бар. Кіші ұлым екеуміз жатақханада бір бөлме жалдап тұрамыз. Күйеуім 2012 жылы қайтыс болды.

– Сұхбатыңызға рақмет!