Қазақстан ЭЫҰ елдеріне интернет-алаяқтықпен күрестің жаңа тетігін ұсынды

Қазақстан ЭЫҰ елдеріне интернет-алаяқтықпен күрестің жаңа тетігін ұсынды
Фото: Бас прокуратура

Түркістанда Қазақстанның төрағалығымен Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 7-отырысы өтті. Жиында интернет-алаяқтық пен цифрлық және қаржылық қылмысқа қарсы күрестегі халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Бұл туралы Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Отырысты Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асылов жүргізді. Жиынға Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Иран, Түркия және Пәкістан прокуратураларының өкілдері қатысты.

Қазақстан интернет-алаяқтықтан азаматтарды қорғаудың көпдеңгейлі жүйесін таныстырды. Оның ішінде онлайн кредит рәсімдеу кезіндегі биометриялық сәйкестендіру, несие алудан ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі, шешім қабылдауға уақыт беру, байланыс операторларының антифрод жүйелері және Ұлттық антифрод орталығы бар.

Бұл шаралардың нәтижесінде сомасы 850 мың АҚШ долларынан асатын 700-ден астам алаяқтық кредиттің берілуіне жол берілмеген. 600-ден астам дроппер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, соттар негізсіз баюды өндіріп алу туралы сомасы 12 млн АҚШ долларынан асатын талаптарды қанағаттандырған.

Сонымен қатар Қазақстанда интернет-алаяқтықты мониторингтеудің бірыңғай талдау платформасы жұмыс істейді. Ол құқықтық статистика, банк секторы, байланыс операторлары және мемлекеттік органдардың деректерін біріктіреді. Жасанды интеллекттің көмегімен алаяқтардың ортақ цифрлық және қаржылық инфрақұрылымын анықтап, жаңа қылмыс схемаларын болжауға мүмкіндік бар.

Халықаралық ынтымақтастық аясында да нәтижелер бар. 2025-2026 жылдары Украина, Армения және Беларусь әріптестерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 11 шетелдік колл-орталықтың қызметі тоқтатылып, 45 ұйымдастырушы ұсталған.

Қазақстан халықаралық құқықтық көмек көрсетудің дәстүрлі рәсімдерімен қатар, қылмысқа жедел ден қоюға мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастыруды ұсынды. Осы мақсатта ЭЫҰ Хатшылығы жанынан мүше мемлекеттердің орталық органдарымен тікелей байланыс жасайтын жауапты тұлғалар тобын құру бастамасы көтерілді.

Бұл тетік қылмыскерлер туралы ақпарат алмасуды жеделдетуге, күдікті қаржылық операцияларға тез ден қоюға және қажет болған жағдайда бірлескен жедел-тергеу топтарын құруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның ұсынысы отырысқа қатысушылар тарапынан қолдау тапты. Тараптар интернет-алаяқтық пен қаржылық қылмысқа қарсы күрес, цифрлық криминалистика, сондай-ақ жасанды интеллект пен талдау технологияларын қолдану бағыттарындағы ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Бұған дейін интернет-алаяқтардың құрбанына айналмау үшін не істеу керектігі жөнінде жариялаған едік.