Германиядан Қазақстанға 165 асыл тұқымды қашар жеткізілді

Германиядан Қазақстанға 165 асыл тұқымды қашар жеткізілді
Фото: АШМ

Қазақстанға Германиядан голштин-фриз тұқымының 165 асыл тұқымды қашары жеткізілді. Бұл – сүт өндірісін арттыруға бағытталған жобаның алғашқы партиясы. Бұл туралы Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Малдар Қарағанды әуежайында қажетті ветеринариялық рәсімдерден өткеннен кейін Солтүстік Қазақстан облысындағы «СК Агро 2050» ЖШС-нің сүт-тауарлы фермасына жеткізілді. Қазір қашарлар карантинге орналастырылып, тиісті ветеринариялық-профилактикалық шаралар жүргізіліп жатыр.

Жоба аясында Германиядан барлығы 660 бас жоғары өнімді асыл тұқымды мал әкелу жоспарланған. Қалған 495 қашар кезең-кезеңімен жеткізіледі.

Асыл тұқымды мал сатып алуға «Береке» бағдарламасы аясында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1,4 млрд теңге қаржы бөлінді.

Жоғары өнімді мал әкелу нәтижесінде сапалы аналық табын қалыптастырылып, сауын малының саны мен сүт өндірісінің көлемін арттыру көзделіп отыр.

Жоба толық қуатына шыққанда фермадағы мал басын 12 мыңға дейін жеткізу және тәулігіне 150 тоннаға дейін сүт өндіру жоспарланған. Сонымен қатар 120-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.

Инвестициялық жоба Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорынның технологиялық жаңғыртылып, өндірістік қуатын кеңейту көзделген.

Бұған дейін Қазақстан жылқы саны бойынша әлемде төртінші орында тұрғанын жаздық.