Жылыту маусымына дайындыққа Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінді
Елдің энергетикалық инфрақұрылымын жылыту маусымына дайындау бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында Үкімет резервінен 27,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика минстрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, жылу көздерін жөндеуге және салуға 12,7 млрд теңге, жылу желісін салуға және реконструкциялауға 8,4 млрд теңге, электр желісін реконструкциялауға 6,8 млрд теңге бөлінді.
«Биыл 377 шақырым жылу желісін жөндеу және реконструкциялау үшін 196,8 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда 89%-ы орындалды . Жөндеу қорытындысы бойынша жылу желісінің орташа тозу деңгейі 48%-ға дейін төмендеуі тиіс», – деді Ернар Хасенов.
Алдағы жылыту маусымына отын қоймаларында 4,2 млн тонна көмір және 137 мың тонна мазут жинақталған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға жоғары.
«Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмірге қажеттілік 7,3 млн тонна көлемінде айқындалды. Аталған көлемді қамтамасыз ету бекітілген жоспар-кестеге сәйкес ұйымдастырылған. Көмірді уақытылы жеткізуді қамтамасыз ету мақсатында оның өндірушіден өңірге дейінгі қозғалысына тұрақты бақылау жүргізіледі. Осы бағытта Республикалық штаб жұмыс істейді», – деді Ернар Хасенов.
Сонымен қатар көмір жеткізу процесінің ашықтығы мен жедел мониторингін қамтамасыз ету үшін ЖИ мен предиктивті талдау элементтері енгізілген Бірыңғай цифрлық платформа әзірленді.