Астанада заңсыз салынған көлік жуу орны бұзылды

Астанада заңсыз салынған көлік жуу орны бұзылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елорданың Байқоңыр ауданындағы Тараз көшесінде заңсыз салынған көлік жуу орнын бұзу басталды. Нысан рұқсат құжаттарынсыз және көлік жуу орнына арналмаған аумақта салынған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Бұдан бөлек, заңсыз көлік жуу орны тұрғын үйлердің маңында орналасып, тұрғындарға қолайсыздық тудырған. Осыған дейін елорданың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау инспекторлары заңсыз нысан иесіне анықталған заң бұзушылықтарды жою қажеттігі туралы хабарлаған. Алайда ол бұл талаптарды орындамаған.

«Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы аталған нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша нысан иесіне қатысты әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Нұсқама орындалмағандықтан, басқарма нысанды бұзу туралы сотқа талап арыз берді», – деп түсіндірді Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Өміржан Керейхан.

Сот талқылауы сегіз айға созылып, нысанды бұзу туралы сот шешімімен аяқталды. Қазіргі уақытта басқарма 341 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заң бұзушылықтарды жою туралы 182 нұсқама берген. Сондай-ақ жалпы сомасы 265 млн теңгеден асатын 702 әкімшілік айыппұл салынды.

Қала тұрғындарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заң талаптарын сақтауға шақырамыз. Сондай-ақ заң талаптарын сақтамау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз.