«Астана – есірткісіз қала»: елордада жастар арасында киберспорттық турнир өтеді
Елордада есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында қалалық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Counter-Strike 2 ойыны бойынша жастар арасында киберспорттық турнир өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Турнирге елорданың жастар командаларымен қатар, медиа саласының өкілдері мен Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкерлерінен жасақталған командалар қатысады.
Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» бастамасын қолдауға, бос уақытты өткізудің заманауи әрі өзекті түрлерін насихаттауға, командалық өзара іс-қимылды дамытуға және жастардың өз болашағына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған.
«Мұндай іс-шараларды өткізу жастармен ашық диалог орнатуға және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуда заманауи өзара іс-қимыл форматтарын пайдалануға мүмкіндік береді. Киберспорт, спорт, шығармашылық және жастар арасында сұранысқа ие өзге де бағыттар олардың әлеуетін іске асыруға, командалық дағдыларын дамытуға және бос уақытын тиімді өткізуге ықпал етеді», - делінген хабарламада.
Турнир 13 қыркүйек күні сағат 11:00-де басталады.
Еске салсақ, Астанада оқушыларды кітап оқуға баулу және оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған кітап талқысы өтті.