Жазғы Азия ойындарында туды кімдер ұстайды
19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Аичи және Нагояда (Жапония) өтетін Азия ойындарында туды ұстайтын спортшылар белгілі болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.
2026 жылдың басты спорттық додасы саналатын Азия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен Сарвиноз Миркадирова алып шығады.
Оқи отырыңыз: Олимпиада лицензиясы, спорт түрлеріндегі дебют: Жазғы Азия ойындарынан не күтеміз

Елдос Сметов – 1992 жылы 9 қыркүйекте Жамбыл облысында дүниеге келген. 3 Олимпиада ойындарының жүлдегері (2016, 2021, 2024). Әлем чемпионы (2015), Азия чемпионы (2016), 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Кореяда) өткен Азия ойындарының алтын жүлдегері.
Сарвиноз Миркадирова – үстел теннисінен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. WTT Feeder Parma халықаралық турнирінің қола жүлдегері.
Бұған дейінгі Азия ойындарында туымызды кімдер ұстаған?
1994 жыл – Дәулет Тұрлыханов.
Грек-рим күресінен 82 келіде чемпион атанды.
1998 жыл – Ермахан Ибраимов.
Бокстан 71 келіде чемпион атанды.
2002 жыл – Мұхтархан Ділдәбеков.
Бокстан +91 келіде күміс жүлдеге ие болды.
2006 жыл – Бақтияр Артаев.
Бокстан 75 келіде күміс жүлдеге ие болды.
2010 жыл – Серік Сәпиев.
Бокстан 69 келіде чемпион атанды.
2014 жыл – Әділбек Ниязымбетов.
Бокстан 81 келіде чемпион атанды.
2018 жыл – Әбілхан Аманқұл.
Бокстан 75 келіде күміс жүлдеге ие болды.
2023 жыл – Асланбек Шымбергенов пен Надежда Дубовицкая.
Надежда Дубовицкая биіктікке секіруден және Асланбек Шымбергенов бокстан қола жүлде еншіледі.