Олимпиада лицензиясы, спорт түрлеріндегі дебют: Жазғы Азия ойындарынан не күтеміз
2026 жылдың басты спорт додасы саналатын жазғы Азия ойындарының басталуына да 10 күннен аз уақыт қалды. 4 жылда бір мәрте ұйымдастырылатын құрлықтық доданың нәтижесі бойынша ұлттық құраманың жүлде көрсеткіштерін ғана емес, Лос-Анджелес Олимпиадасына қаншалықты дайын деген сұраққа да жауап табатынымыз анық. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі жазғы Азия ойындарына болжам жасап көрді.
Қандай ерекшеліктер бар?
Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан рекордтық 500-ден астам спортшы сынға түсетін алдағы жазғы Азия ойындары ел тарихындағы 9-шы ірі жарыс болмақ. 2023 жылы Қазақстан құрамасы 10 алтын, 22 күміс, 48 қола жүлдемен жалпы есепте 11-орынға тұрақтап, өз тарихындағы ең төменгі көрсеткішін тіркеген еді.
Өз тарихында үшінші мәрте қабылдайтын Жапониядағы жазғы Азия ойындарында 43 спорт түрінен 469 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.Ең көп ТОП-3 жүлде жиынтығы жеңіл атлетика (50 жүлде жиынтығы), жүзу (41 жүлде жиынтығы), байдарка және каноэде ескек есуде (24 жүлде жиынтығы) үлестіріледі. Ал ММА, падел, BMX фристайл, серфинг және текбол спорттары дебют жасайды.
Лос-Анджелес Олимпиадасының лицензиясы. Аичи-Нагоядағы бәсекеде садақ ату, триатлон, теннис, көгалдағы хоккей, желкенді спорт, серфинг және сквошдан топ жарған спортшылар Лос-Анджелес Олимпиадасының лицензиясына иелік етеді.
Қазақстан қай спортта сынға түседі?
Қазақстан жазғы Азия ойындарының бағдарламасына алғаш рет енгізілген падел (2 жүлде жиынтығы), ММА-дан (6 жүлде жиынтығы) жүлдеге таласады. Сондай-ақ шабандоздарымыз араға 12 жылдық үзілістен кейін конкурдан (атпен кедергіден секіру) бәсекеде сынға түседі. Бір қызығы, 2014 жылы Нидерланд тумасы ДжаннетБоуман осы спорт түрінде Қазақстан атынан өнер көрсеткен еді. Жалпы жерлестеріміз осы жолы 35 спорт түрінде ел намысын қорғайды.
Азия ойындарындағы көрсеткішіміз қандай?
1994 жылдан бергі тарихымызда отандастарымыз жалпы саны 637 медальді (165 алтын, 180 күміс, 292 қола) жеңіп алды.Оның ішінде ең көп 25 алтын жүлдені каноэ мен байдаркада ескек есушілер жеңсе, одан кейінгі орындарда жеңіл атлетика (23 алтын), бокс (16 алтын), нысана көздеу (оқ ату мен стенд атудан 14 алтын), ауыр атлетика (12 алтын), тас жолдағы велоспорт (12 алтын) жайғасып тұр. 8 жазғы Азия ойындарының ішінде әзірше ең сәттісі ретінде 2014 жылғы Инчхондағы жазғы Азия ойындары саналады. Сол сәтте жерлестеріміз 28 алтын, 23 күміс, 33 қола жүлдемен жалпы есепте 37 елдің арасынан 4-орынға тұрақтаған болатын.
Қай спорттарда алтын жүлде алуға мүмкіндігіміз жоғары?
Бокс. 11 жүлде жиынтығы үлестірілетін осы спорт түрінен Қазақстан сапынан 9 әлем чемпионы және 2 әлем чемпионатының финалисі Азия ойындарына барады. Боксшылардың қай-қайсысы да алтын жүлде алуға үміткер. Әйтсе де ел тарихында 2014 жылдан бері бокстан алтын жүлде бұйырмай келеді. Бірақ 2025 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасы Ливерпульдегі әлем чемпионаты, 2026 жылы Моңғолиядағы Азия чемпионатында жалпы есепте топ жарғанын ескерсек, осы жолы артылатын сенім жоғары екендігі түсінікті. Бокстағы алтын жүлденің саны Қазақстанның жалпы есептегі орнына да тікелей әсерін тигізеді.
Велоспорт. 2014, 2018, 2023 жылғы жазғы Азия ойындарында жеке сайыста чемпион атанған Алексей Луценко осы жолы да топ жаруға мүмкіндігі жоғары. Отандасымыз жақында ғана Испанияда өтіп жатқан «Вуэльта» көпкүндігінің кезеңінде 4-орынға тұрақтап, бабы жақсы екендігін көрсетті. Топтық жаттығуда Алексей Луценкодан бөлек, биылғы Азия чемпионы Евгений Федоров пен Николя Винокуров сынға түседі. Жерлестеріміз 2018 жылдан бері жазғы Азия ойындарында тұрақты түрде 2 алтын алып келеді. Осы жолы да сол жайт қайталанады деп сенеміз.
Семсерлесу. Семсерлесуден ерлер құрамасы 2026 жылды өте керемет өткізіп жатыр. Маусым айында сапы сайысынан ерлер құрамасы басты бәсекелесі Жапонияны жеңіп, Азия чемпионы атанса, шілде айында өз тарихында алғаш рет әлем чемпионы атағына қол жеткізді. 2024 жылға дейін 15 жыл Жапонияны баптап келген украиналық маман Александр Горбачук енді Қазақстанның бапкері ретінде Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы саналатын жарыс қожайындарын командалық және жеке сайыста тоқтатуға тырысады. Әйелдер арасындағы сапы сайысында 2025 жылы ғана Ресейден ауысып келген Ирина Бакалдинаның да мүмкіндігі жоғары. Спортшымыз Азия чемпионатында әлем чемпионы, басты фаворит саналған Сон Сен Сараны (Оңтүстік Корея) жеңіп кеткен болатын.
Нысана көздеу. Атақты Ольга Довгун баптайтын нысана көздеушілеріміз әр жыл сайын тарихты жаңартып келеді. 2024 жылы Париж Олимпиадасының жүлдесіне қол жеткізсе, 2025 жылғы әлем чемпионатында алғаш рет командалық сайыста 2 қола жүлдені еншіледі. Биыл Азия чемпионатында 3 алтын жүлде жеңіп алғанымен, Үндістандағы Нипах вирусының таралуына байланысты көптеген елдер сары құрлық додасына барудан бас тартқан болатын. Ал 2026 жылы өткен Әлем Кубогының үш кезеңі бойынша Қытай елі өзгелерден оқ бойы озып тұр. Үндістан да жалпы есепте ТОП-3-те келе жатыр. Жалпы отандастарымыз үшін жазғы Азия ойындары оңайға соқпайды.
Стенд атудан биылғы Әлем Кубогында скит жаттығуы бойынша Әсем Орынбай Алматыдағы кезеңде топ жарса, командалық сайыста әйелдер құрамасы жылдың басында Қатар астанасы Дохада Азия чемпионы атағына қол жеткізді. Алдағы Азия ойындарында да осы жаттығу түрінде жүлде күтеміз.
Ауыр атлетика. Елімізде танымал спорттың қатарына кіретін ауыр атлеттеріміз 12 жылдан кейін ғана бірнеше отандасымыз жазғы Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл спорт түрінен 2014 жылы Маргарита Елисеева чемпиондық атаққа қол жеткізген 2018 жылы бірде-бір спортшымыз қатыспаса, 2023 жылы допинг дауына байланысты Қазақстан мықты спортшыларына сенім арта алмады. Тек Александр Уваров қана қола жүлдеге ие болды. 2025 жылдан бастап жерлестеріміз әлем чемпионаты және 2026 жылы Азия чемпионатына негізгі құрамды жібермеді. Бірақ қағаз жүзінде әлем чемпионы, 95 келідегі Нұрғиса Әділетұлы және 85 келіде Алексей Чуркиннің мүмкіндігі жоғарырақ.
Көркем гимнастика. Тамыз айында Германияның Франкфурт қаласында өткен әлем чемпионаты жазғы Азия ойындарына баратын спортшылардың деңгейін көрсетті. Көпсайыс қорытындысы бойынша, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Ақмарал Ерекешева 115.800 ұпаймен Азия құрлығы бойынша ең жоғарғы 6-орынға тоқтады. Одан кейінгі 10-орынға Жи Ванг (Қытай) тұрақтаса, биылғы Азия чемпионы ТахминаИкромова (Өзбекстан) 13-орынды місе тұтты. Ал мамыр айындағы Азия чемпионатында өзге отандасымыз Айбота Ертайқызы 113.650 ұпаймен күміс жүлдегер атанған. Алдағы Азия ойындарында алтын жүлдеге басты талас осы 3 елдің арасында өтеді.
Күрес түрлері. 18 жүлде жиынтығы сарапқа салынатын күрес түрлерінен әзірше 2014 жылы НұрмаханТыналиевтен кейін балуандарымыз алтын жүлде ала алмай келеді. Қазіргі тізімнен әлем чемпиондары Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, Ризабек Айтмұхан, Олимпиадалық салмаққа көтерілген Нұрқожа Қайпанов, әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегеріАзамат Дәулетбеков, Жәмила Бақбергенова, U20 санатында әлем чемпионы Едіге Қасымбек, U23 санатында әлем чемпионы Шұғыла Өмірбек еліміздің әнұранын шырқатуға ниетті.
Дзюдода Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов2 жылдық үзілістен кейін кейінтатамиге оралуы ел тарихында айтулы жайт болғанымен, Жапонияға басты фавориттің бірі ретінде бармасы анық. Бұл салмақта алтынға басты үмітті РюдзюНагаяма(Жапония) саналады. Әлем чемпионатының финалисі АбибаӘбужақынова әлемдік рейтингте 19-орында тұр. Ол жеребеде бастапқы кезеңде Қытай, Моңғолия, Жапония дзюдошыларымен түсіп қалуы ықтимал. 81 келіде биылғы жылдың жаңа есімдерінің бірі, Азия чемпионы Алмат Әділеттен тосын сый күтеміз. Бір ерекшелігі – дзюдодан алдағы Азия ойындары Лос-Анджелес Олимпиадасына баруға мүмкіндік беретін ұпай үлестіріледі.
Спорттық гимнастикадан 2026 жылы өткен Әлем Кубогының бес кезеңінде жерлестеріміз 7 күміс, 3 қола жүлде еншіледі. Сол сәттегі көрсеткіштерге қарап, ат снаряды бойынша Зейнолла Ыдырысов, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов, кермедегі жаттығудан МиладКаримидің мүмкіндігі жоғарырақ.
Садақ атудан жазғы Азия ойындарының жүлдесі сонау 2002 жылдан бері бұйырмай келсе де, 2025 жылдан бергі көрсеткішіміз жақсарып келеді. Өткен жылы Оңтүстік Кореяда өткен әлем чемпионатында компаунд бағдарламасы бойынша аруларымыз командалық сында қола жүлдеге иелік етсе, Бангладештегі Азия чемпионатында ерлер құрамасы топ жарды. Биыл да жерлестеріміз тарихты жаңғыртуы әбден ықтимал. Оның үстіне жазғы Азия ойындарының чемпионына Лос-Анджелес Олимпиадасының жолдамасы беріледі.
Олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлерінен каноэ мен байдаркада ескек есу, су добы, таеквондо, теннис, жеңіл атлетикадан да кемі бір алтын жүлде алуы мүмкін.
Ал Олимпиада бағдарламасына кірмейтін спорт түрлерінен каратэ, джиу-джитсу, ММА-дан чемпиондар шығуы тиіс.
2023 жылғы Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарымен салыстырғанда, алдағы сары құрлықтың додасы жақсы болуы мүмкін деп сенеміз. Себебі, кейінгі жылдары Қазақстанда Олимпиада бағдарламасына кіретін спорт түрлеріне басымдық беріліп, құйылатын қаржы көлемі көбейді. Екіншіден, Қазақстанда спорт инфрақұрылымдары жаңадан салынып жатыр. Түркістанда ескек есу арнасы, Астанада қазақ ұлттық спорт университетінің ашылуы және т.б мысалдар өте көп. Үшіншіден, жазғы Азия ойындары барлық спорт түрлері үшін бағалаудың басты көрсеткіштерінің бірі саналады.