Министр өз шешімін жариялады: қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берді
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру жөніндегі өз шешімін көпшілік алдында жариялады. Бұл туралы министр Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Министрдің сөзінше, көптен бері қабылдаған - қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру жөніндегі еркін білдіруін тіркеу туралы шешімін көпшіліктің алдында жариялағысы келген.
«Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Денсаулық сақтау министрі болғаным үшін емес, әрқайсымыздың бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдау қажеттілігіне тап болуымыз мүмкін болғандықтан.
Қайтыс болғаннан кейінгі донорлық – өмір сүруге мүмкіндігі бар адамдарға өмірден өткеннен кейін де көмектесудің бір жолы.
Бүгінде Қазақстанда шамамен 184 мың адам өз еркін білдіруін eGov арқылы тіркеп қойған. Келісім білдірушілер саны артып келеді.
Алайда күту парағындағы әрбір санның артында өмірін сақтап қалуға деген үміт бар», - деп жазды министр.
Оның айтуынша, бүгінде 4 867 отандасымыз трансплантаттауды күтуде:
- 4 311 адамға – бүйректі трансплантаттау қажет;
- 212 адам – жүрек трансплантаттауын күтуде;
- 314 адам – бауыр трансплантаттауын күтуде;
- 30 адам – өкпе трансплантаттауын күтуде.
«Біз қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты дамыту – денсаулық сақтау жүйесінің ғана міндеті емес екенін үнемі айтып келеміз.
Бұл – қоғамның сенімі, ашық қоғамдық диалог және әр адамның саналы түрде қабылдаған шешімі», - деп жазды Ақмарал Әлназарова.