Кеңсайда Асанәлі Әшімовтің құлпытасы орнатылды
Қазақ киносы мен театрының көрнекті өкілі, халық әртісі Асанәлі Әшімовтің құлпытасы Кеңсайда орнатылып, рухына Құран бағышталды. Бұл туралы актердің жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, құлпытастың ашылуына марқұмның туған-туыстары, жақындары, әріптестері мен достары арнайы келіп, Асанәлі Әшімовтің рухына дұға бағыштаған.
Жұбайы әйгілі актердің ғибратты ғұмыры, елге сіңірген еңбегі, адамгершілігі мен азаматтық болмысы артында қалған ұрпақ үшін мәңгілік аманат екенін атап өтті.
«Асекен бір ғана әулеттің емес, елдің азаматы еді. Оның артында қалған еңбегі мен өнегесі, есімі мен рухы кейінгі ұрпаққа жетуі керек. Бұл – менің жар алдындағы ғана емес, азаматтың елге сіңірген еңбегіне деген перзенттік парызым деп білемін», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Асанәлі Әшімовтің жары актердің есімін ұлықтап, артында қалған мол мұрасын сақтау және кейінгі ұрпаққа жеткізу алдағы ғұмырындағы ең үлкен парызы екенін жеткізді.
«Тірісінде қасынан табылу – тағдырдың маған берген сыйы болса, бүгінде рухына қызмет ету – жүрегіме жүктелген аманат. Асекеннің есімін ұлықтау, артында қалған мұрасын сақтау, кейінгі ұрпаққа жеткізу – менің алдағы ғұмырымдағы ең үлкен парызым», – деді ол.