Референдум-2026

Астанада автомотоспорт арқылы жастарға есірткі қылмысының қаупі түсіндірілді

Астанада автомотоспорт арқылы жастарға есірткі қылмысының қаупі түсіндірілді
Фото: Сұлтан Сейіт

Бүгін Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған автомотоспорт бойынша ауқымды автошоу өтті. Шоу барысында автокөлік спортына қызығатын жастар бас қосып, дрифт көрсетілімдерін тамашалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай формат жастардың қызығушылығын пайдалы бағытқа бұрып, есірткінің зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді.

Іс-шараны ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті, Астана қаласының әкімдігі және қоғамдық ұйымдар бірлесіп ұйымдастырды. Автомотоспортқа арналған шоуға қала тұрғындары мен қонақтары, жастар және автокөлік спортына қызығушылық танытатын азаматтар қатысты.

Іс-шараның негізгі бағытының бірі – жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу. Ұйымдастырушылар жастардың спортқа, оның ішінде автомотоспортқа деген қызығушылығын пайдалана отырып, оларды салауатты өмір салтына тартудың маңызын атап өтті.

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, бүгінгі таңда жастардың есірткі қылмысына тартылуы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

«Біздің негізгі мақсатымыз – жастарды есірткіден аулақ болуға, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттау. Өйткені бүгін  жастардың арасында «оңай табыс» табу мақсатында есірткі сату немесе тарату секілді әрекеттерге барып, қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатқандары жоқ емес. Сондықтан біз осындай арнайы іс-шараларды ұйымдастырып, жастарға есірткінің зияны мен оның салдарын түсіндіруді көздейміз.

Шараға қатысып отырған ата-аналар мен жастарға айтарымыз – егер сіздерге оңай әрі тез табыс табатын жұмыс ұсынылса, оған күмәнмен қарау керек. Өйткені есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және өткізуге байланысты қылмыстар үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондықтан жастарымызды есірткі секілді зиянды заттардан аулақ ұстауға бірге күш салайық», – деді Бақытжан Әмірханов.

Полиция өкілінің сөзінше, жастардың қызығушылығын ескеріп, профилактикалық жұмыстарды түрлі форматта өткізу маңызды. Осы ретте спорттық және мәдени іс-шаралар жастармен байланыс орнатып, есірткі қылмысының зардабын түсіндіруге мүмкіндік береді.

Автомотоспорттың ішінде дрифттің де жастар арасында өзіндік көрермені бар. Сондықтан мамандар мұндай іс-шараларды тек спорттық көрсетілім ретінде емес, жастарға қажетті ақпаратты жеткізудің қосымша алаңы ретінде қарастырады.

«Дрифт – спорттың бір түрі, автомотошоу. Жастардың мұндай шараларға қызығушылығы жоғары. Әртүрлі спорттық шаралардың әрқайсысының өз көрермендері бар. Біз жастарды салауатты өмір салтын сақтауға, спортпен айналысуға және басқа да қызықты әрі пайдалы шараларға баулу арқылы есірткіге қарсы түсіндіру және насихат жұмыстарын жүргіземіз. Бұл ретте жастармен және олардың ата-аналарымен тікелей сөйлесуге де мән береміз», – деді Бақытжан Әмірханов.

Оның айтуынша, жастар арасында есірткінің синтетикалық түрлерін тұтыну мәселесі де алаңдатады. Осыған байланысты алдын алу жұмыстары тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, ата-ана, қоғам және жастардың өзара бірлескен әрекетін талап етеді.

«Жыл басынан бері, жеті айдың қорытындысы бойынша елімізде 54 кәмелетке толмаған жас есірткі сату және тасымалдау фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр. Жалпы алғанда, 4 мыңға жуық адам есірткі қылмысына байланысты жауапкершілікке тартылып, темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатыр. Жастар арасында синтетикалық есірткі түрлерін тұтыну фактілері кездеседі. Сондықтан жастардың бойында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру үшін осындай іс-шараларға қатысып, өзіміз де түрлі шараларды ұйымдастырып келеміз. Жастар біріккен кезде біз мұндай бастамаларды әрдайым қолдап, есірткісіз қоғамды және салауатты өмір салтын насихаттаймыз», – деді ол.

Іс-шара барысында жастарға есірткі қылмысына тартылудың құқықтық салдары, «оңай табыс» табуды айтатын күмәнді ұсыныстардан сақ болу және есірткі заттарын сақтау, тасымалдау мен өткізу үшін қарастырылған жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастарды спортқа және пайдалы қоғамдық бастамаларға тарту – есірткі қылмысының алдын алудың маңызды бағыттарының бірі. Осы арқылы жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың бойында зиянды әдеттерге қарсы тұрақты көзқарас қалыптастыруға болады.