Референдум-2026

Sim-Box арқылы жеңіл табыс іздеген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды

Бүгін, 13:15
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Sim-Box арқылы жеңіл табыс іздеген азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Рудный қаласында жеңіл жолмен ақша таппақ болған Қостанай облысының 22 жастағы тұрғынына қатысты үкім шығарылды. Ол Sim-Box құрылғысын пайдалану арқылы жасалған қылмыстық схемаға қатысқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қостанай облысы прокуратурасына сілтеме жасап.

Сотта анықталғандай, жас жігіт Telegram мессенджері арқылы байланысқан белгісіз адамдардың нұсқауымен Sim-Box құрылғысын, ноутбук, роутер және ұялы байланыс операторларының SIM-карталарын сатып алған. Жабдықты іске қосқаннан кейін ол үшінші тұлғалардың оған қашықтан қол жеткізуіне мүмкіндік жасаған.

Бұл жабдық абоненттік нөмірлердің сәйкестендіру деректерін өзгертуге мүмкіндік береді және көбіне телефон арқылы жасалатын алаяқтық пен басқа да заңсыз әрекеттерде пайдаланылады.

«Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді. Рудный қалалық сотының үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 213-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бір жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, бас бостандығын шектеу жазасына сотталды», - делінген хабарламада. 

Рудный қаласының прокуратурасы SIM-карталарды сатып алу, арнайы жабдықты орнату және оған белгісіз адамдарға қолжетімділік беру арқылы жүзеге асырылатын «жеңіл табыс» схемаларына қатысу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді. 

Еске салайық, бұдан бұрын елімізде 85 миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілгені туралы жаздық.