Референдум-2026

Ұлытауда «Қызылорда – Жезқазған» жолын жаңғырту жұмыстары жалғасуда

Бүгін, 17:27
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ұлытауда «Қызылорда – Жезқазған» жолын жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Фото: Көлік министрлігі

«Қызылорда – Жезқазған» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы екі өңір арасындағы қауіпсіз әрі үздіксіз көлік қатынасын қамтамасыз ету, жолдың көліктік-пайдалану жағдайын жақсарту және өңіраралық байланысты дамыту мақсатында іске асырылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жобаның жалпы ұзындығы 400 шақырымды құрайды және екі кезеңнен тұрады: оның 192 шақырымы Қызылорда облысында, ал 208 шақырымы Ұлытау облысында орналасқан.

«Қызылорда облысындағы жұмыстар аяқталды. Ұзындығы 192 шақырым болатын барлық учаскелерде реконструкциялау жұмыстары толық аяқталып, бүгінде бұл бағытта автокөлік қозғалысының қауіпсіз әрі үздіксіз өтуі қамтамасыз етілді. Бұл – бүкіл жоба аясындағы маңызды нәтижелердің бірі. Ұлытау облысы бағытында да жоба белсенді жүзеге асырылуда. Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын, 8 реконструкция учаскесіне бөлінген II санатты жолда мердігер ұйымдар барлық ресурстарды толық жұмылдыра отырып, ауқымды жұмыстар жүргізуде. Қазіргі уақытта объектілерде шамамен 1150 жол мамандары мен 685-ке жуық жол-құрылыс техникасы жұмылдырылған, асфальтбетонжәне ұсақтау-сұрыптау зауыттары, бетон араластыру қондырғылары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, жұмысшыларға арналған вахталық қалашықтар ұйымдастырылған», - делінген хабарламада.

Бүгінде Ұлытау облысындағы учаскенің шамамен 200 шақырымы немесе жалпы ұзындығының 96% уақытша айналма жолдар арқылы қозғалысқа ауыстырылды. Бұл негізгі жолды реконструкциялау жұмыстарын өңірлер арасындағы көлік қозғалысын тоқтатпай-ақ жүргізуге мүмкіндік береді. Көптеген учаскелерде дайындық және жер жұмыстары толық аяқталып, жол төсемінің төменгі және жоғарғы негіз қабаттары төселді. Қазіргі уақытта асфальтбетон жабынының қабаттарын төсеу қарқынды жалғасуда, ал кейбір учаскелерде бұл жұмыстар айтарлықтай көлемде орындалып, аяқталуға жақын. Сонымен қатар көпірлер мен ондаған су өткізу құбырларын орнату жұмыстарықатар жүргізілуде.

Жолды абаттандыру да қарқынды түрде жүзеге асып жатыр: жол белгілері, сигналдық бағаналар, тосқауыл және торлы қоршаулар орнатылып, жол таңбалары сызылуда, жүргізушілерге арналған демалыс алаңдары салынуда.

«Жол-құрылыс материалдарын дайындау жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мәселен, битум бойынша жылдық жоспардың 90%-дан астамы орындалды (7 758 тоннаның шамамен 7 000 тоннасы дайындалған). Сонымен қатар қиыршық тас, темірбетон бұйымдары, құм-қиыршық тас қоспасы және геотекстиль қоры қажетті көлемде жинақталуда», - деп хабарлады ведомствода.

Осылайша, «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялау жобасы тұрақты әрі оң қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында барлық бағыттар бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға және ұзындығы 400 шақырым болатын маңызды көлік дәлізін заманауи талаптарға сай жаңғыртуға елеулі үлес қосады.

Еске салсақ, ірі габаритті жүкті қауіпсіз өткізу мақсатында Қорғас – Алматы бағыты бойынша көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.