Брестте ЕАЭО кеден қызметтерінің 55-отырысы өтті
Қазақстан ЕАЭО елдерімен кедендік рәсімдерді оңайлату, ақпарат алмасуды жетілдіру және сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылар үшін тауарларды рәсімдеу процесін жеделдету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Брест қаласында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден қызметтерінің бірлескен алқасының 55-отырысы өтті. Жиынға ЕАЭО елдерінің кеден қызметтерінің басшылары мен делегация өкілдері қатысты.
Кездесуде тауарларды шығарғанға дейін кедендік тексеруді бастау мерзімдері мен оны жүргізу тәртібі, тиісті актілерді рәсімдеу және тексеру мерзімдерін ұзарту тетіктері бойынша құқық қолдану тәжірибесі талқыланды.
Сонымен қатар алдыңғы отырыста қабылданған шешімдердің орындалу барысы қаралды.
Отырыс барысында ЕАЭО елдерінің кеден заңнамасын жетілдіру және жақындастыру, электрондық деректер алмасу мен ведомствоаралық ақпараттық жүйелерді дамыту мәселелері қаралды.
Тараптар сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай Тауар номенклатурасы бойынша тауарларды жіктеудің ортақ тәсілдерін келісу, тәуекелдің бірыңғай құндық индикаторлары қолданылатын тауарларды декларациялау нәтижелерін мониторингтеу және тауар қозғалысын бақылауды күшейту мәселелерін де талқылады.

Жиында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов сыртқы экономикалық қызметке адал қатысушылар үшін кедендік операцияларды оңайлату және жеделдету бойынша жұмысты жалғастыру қажет екенін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО елдерінің кеден органдары арасындағы нормативтік-құқықтық және технологиялық өзара іс-қимылды одан әрі үйлестіруге бағытталған бірқатар шешім қабылданды.
Сондай-ақ Кеден қызметтерінің бірлескен алқасының келесі отырысын өткізу күні мен орны келісілді.
Бұған дейін Қазақстанда шекара инфрақұрылымының өткізу қуаты 2,6 есеге артқанын жаздық.