Елордада қоғамдық кеңістіктердегі граффитилер жойылды
Астананың «Сарайшық» ауданындағы «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңында қоғамдық кеңістіктерді рұқсатсыз салынған граффитиден тазарту бойынша рейд өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға «Сарайшық» ауданы әкімдігінің, полиция басқармасының өкілдерімен қатар, қоғам белсенділері мен волонтерлер қатысты.


«Жалпы, біз, аудан әкімдігі аппараты «Таза Қазақстан» акциясы аясында Полиция басқармасы, қоғам белсенділері, жастармен бірлесіп апта сайын осындай іс-шаралар өткізіп тұрамыз.
Қабырғаға жазылған жазбалар, мүлікті бүлдіру, нашақорлыққа қатысты белгілер кездескен жағдайда олар туралы полицияға хабарлап, жою, қалпына келтіру жұмыстарына кірісеміз.
«Сарайшық» жаңадан құрылған аудан болғандықтан, мұндай жайттар жиі кездеспейді. Дегенмен бүгін «Нұрлы жол» теміржол вокзалы маңындағы, «Тұрсын Астана 1» аумағында анықталған граффитилерді тазартып, қабырғалар мен бағандарды қалпына келтіруге атсалысып отырмыз», - дейді «Сарайшық» ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Айтпайұлы.
Ал полиция өкілдері өз кезегінде рұқсатсыз граффити мен вандализмге қарсы күрес жүргізіп, қоғам мүлкін бүлдірушілерді іздестіруге күш салады.


«Қоғамдық орындарды рұқсатсыз шимайлаушылар үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 4-бөлігімен 50 АЕК көлемінде айыппұл немесе әкімшілік қамақ қарастырылған.
Оның наркограффити деген түрі де бар. Бұл жағдайда тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық жауапкершілік көзделеді.
Вандализмге де әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қоғамда аялдамаларды бұзу, орындықтарды сындыру сияқты құқық бұзушылықтар жиі кездеседі», - дейді «Сарайшық» ауданы Полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары Дипломбек Балташев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған іс-шара жалғасын табады.