Қазақстаннан Қытайдың Чунцин қаласына жаңа әуе рейсі ашылды
Қазақстаннан Қытайға қатынайтын әуе бағыттарының қатары толықты. 23 қыркүйектен бастап FlyArystan Алматы – Чунцин бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа бағыт бойынша рейстер аптасына екі рет – сәрсенбі және сенбі күндері Airbus A320neo әуе кемелерімен орындалады.
Көлік министрлігінің мәліметінше, жаңа әуе қатынасы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік, инвестициялық, туристік және мәдени байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Жаңа бағыт Қазақстанның халықаралық әуе қатынасын кеңейту және Қытаймен көлік байланысын күшейту жұмыстары аясында іске қосылды.
Бұған дейін Астана – Құлжа бағыты бойынша қазан айында жаңа әуе рейсі ашылатынын жаздық.