Маңғыстауда 12 әскери қызметші қаза тапты: іздестіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия Маңғыстау облысындағы төтенше жағдай болған жерде жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
Оқиға орнында жұмылдырылған мемлекеттік органдардың іс-қимылы және іздестіру-құтқару жұмыстары үйлестірілуде. Қазіргі таңда негізгі міндет – орналасқан жері анықталмаған екі әскери қызметшіні іздестіру.

«Нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда», - делінген хабарламада.
Қанат Бозымбаев әлі табылмаған әскери қызметшілерді қажетті барлық күштер мен құралдарды тарта отырып, тәулік бойы үздіксіз іздестіруді қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті материалдық және өзге де көмек көрсету тапсырылды.

Уәкілетті органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтау бойынша жұмыс жүргізуде.
Комиссияның жұмысы мен оқиға орнындағы іздестіру-құтқару іс-шаралары жалғасуда.
Еске салсақ, Премьер-министрдің өкімімен Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеп-тексеру бойынша үкіметтік комиссияның құрылғанын жаздық.