«Педагог × AI: Болашақ білімі»: Астанада мұғалімдер сайысына оқушылар төрелік етті

24 қыркүйек, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
«Педагог × AI: Болашақ білімі»: Астанада мұғалімдер сайысына оқушылар төрелік етті
Фото: Астана әкімдігі

Астанада Мұғалімдер күні мен Еңбек күніне орай «Педагог × AI: Болашақ білімі» атты қалалық иммерсивті сайыс өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сайысқа елорданың №13, №15 және №17 мектептерінің педагогтері қатысып, бес кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар педагогтің кәсіби тәжірибесі мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін салыстырып, заманауи білім беру үдерісінде технологияны тиімді пайдалану жолдарын көрсетті.

Сайыстың ерекшелігі – мұғалімдердің өнері мен шешімдеріне оқушылардың да баға беруі. Ұйымдастырушылар мұны білім беру саласындағы жаңа тәсілдердің бірі ретінде атап өтті.

«Жасанды интеллект тақырыбына арналған бүгінгі іс-шара мазмұнды, жан-жақты әрі тартысты өтті. Осы іс-шара арқылы әр қатысушы өзіне қажетті тың ақпарат пен тәжірибе алды деп ойлаймын. Бүгінгі сайыстың басты ерекшеліктерінің бірі – мұғалімдерге оқушылардың баға беруі. Мұның өзі білім беру саласындағы жаңашыл көзқарастың көрінісі», – деді Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығының әдіскері Ерғазы Манапұлы.

Бес кезеңнен тұратын сайыста педагогтер екі топқа бөлініп, білім берудегі дәстүрлі тәсілдер мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін салыстыра отырып, өз ұстанымдарын қорғады.

Қатысушылар теориялық білімін ғана емес, нақты педагогикалық жағдайда шешім қабылдау, оқушымен және ата-анамен тіл табысу, күрделі ақпаратты қарапайым әрі түсінікті жеткізу қабілеттерін де көрсетті.

Іс-шара барысында ұстаздардың қоғамдағы рөлі, білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу және заманауи технологияларды оқу үдерісінде тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Бұған дейін астаналық қариялар Шәкәрім мұрасын дәріптеген зияткерлік сайысқа қатысқанын жаздық.