АҚШ сарапшылары Қазақстан мамандарына авиациялық қауіпсіздік бойынша оқу өткізді

24 қыркүйек, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
АҚШ сарапшылары Қазақстан мамандарына авиациялық қауіпсіздік бойынша оқу өткізді
Фото: Астана халықаралық әуежайы

21–25 қыркүйек аралығында Астана халықаралық әуежайының базасында АҚШ Көлік қауіпсіздігі әкімшілігінің (TSA) өкілдері авиациялық жүктерді тексеру және аудит жүргізу әдістеріне арналған бес күндік оқу курсын өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқуға Астана, Алматы және Қарағанды халықаралық әуежайларының, Азаматтық авиация комитетінің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің көлік және логистика жөніндегі жобалық кеңсесінің, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің Оқу-әдістемелік орталығының, сондай-ақ ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері қатысты.

Бес күн бойы TSA нұсқаушылары қазақстандық мамандарды авиациялық жүктерді тексеру және аудит жүргізудегі америкалық тәсілдермен таныстырды. Инсайдерлік қауіп-қатерлерді анықтау мәселелеріне, сондай-ақ аудит пен тексеру рәсімдерін жүзеге асыратын мамандардың кәсіби даярлығы мен оларға қойылатын талаптарға ерекше назар аударылды.

«Оқу Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық кезеңдерінің бірі болды. Америка тарапы Қазақстанға ұлттық авиациялық қауіпсіздік жүйесін одан әрі жетілдіруге, оның халықаралық стандарттар мен TSA талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған сараптамалық және әдістемелік қолдау көрсетіп келеді. Курс АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Елшілігінің «Экспорттық бақылау және шекара қауіпсіздігі» (EXBS) бағдарламасының қолдауымен TSA-мен серіктестікте ұйымдастырылды», - делінген хабарламада.

Айта кетейік, мұндай бастамалар екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, Қазақстан мен АҚШ-тың авиациялық билік органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға және екі ел арасында тікелей әуе қатынасын іске қосу үшін қажетті жағдайларды қалыптастыруға ықпал етеді.

Еске салсақ, Астанада Мұғалімдер күні мен Еңбек күніне орай «Педагог × AI: Болашақ білімі» атты қалалық иммерсивті сайыс өтті.