Алматыда Студенттер сарайы ғимаратының бір бөлігі опырылды: ҚазҰУ мәлімдеме жасады
Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы ғимаратының бір бөлігі опырылды. Оқиғаға қатысты университет ғимараттың техникалық жағдайы мен реконструкция жоспарлары туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz университеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желіде Студенттер сарайы ғимаратының опырылғаны туралы бейнежазбалар тарады. Осыған байланысты ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі нысанның жай-күйіне қатысты мәлімдеме жариялады.
Университет мәліметінше, Студенттер сарайының құрылысы 1985 жылы басталып, 1998 жылы аяқталған. Ғимарат шамамен 30 жылға жуық пайдаланылғанымен, осы уақыт аралығында күрделі жөндеу немесе реконструкция жүргізілмеген. Соның салдарынан құрылыс конструкциялары мен инженерлік жүйелердің табиғи тозуы байқалған.
«2023 жылы аккредиттелген ұйым ғимараттың техникалық жағдайына сараптамалық тексеру жүргізген. Зерттеу барысында бірқатар елеулі ақаулар анықталған. Олардың қатарында темірбетон ригельдерінің бір бөлігінің болмауы, жертөледегі темірбетон қабырғалардың жетіспеуі, бағандардың коррозияға ұшырап, ішінара бұзылуы және конструкциялардың түйісу орындарындағы зақымдар бар», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар ғимараттың бірінші қабатындағы кейбір темірбетон ригельдерінің иілуі, шатырдың металл конструкцияларындағы коррозия мен жергілікті деформациялар, сондай-ақ қасбеттің жылу оқшаулау қабатының бұзылуы тіркелген.
ҚазҰУ баспасөз қызметі нысанның бастапқыда құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарын өрескел бұза отырып пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Университеттің хабарлауынша, мұндай күрделі ақауларды ішкі әрлеу жұмыстарын бөлшектемей анықтау мүмкін болмаған.
Бұдан бөлек, 2024 жылғы қаңтарда Алматы мен оған іргелес аумақта болған бірнеше жер сілкінісі ұзақ уақыт пайдаланылған және зақымданған ғимараттардың конструкцияларына қосымша әсер етуі мүмкін екені айтылды.
Университет Студенттер сарайының тарихи-мәдени және қоғамдық маңызын ескере отырып, нысанды сақтап қалу әрі қалпына келтіру туралы шешім қабылдаған. Реконструкцияның негізгі басымдығы ретінде ғимараттың конструктивтік сенімділігі мен студенттер, қызметкерлер және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету белгіленген.
ҚазҰУ нысанның қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қабылдауды жалғастыратынын және зерттеу нәтижелері мен алдағы шешімдер туралы қосымша ақпарат беретінін хабарлады.